Маңғыстау облысында 28 ақпан мен 3 наурыз аралығында Алғыс айту күніне орай 10 мыңға жуық іс-шара өтеді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Абдыкадыров мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бауыржан Абдыкадыровтың айтуынша, «Қайырымдылық керуені» ҚХА республикалық акциясы аясында «Наурыз қоржыны» сыйға беріледі. Елде туып, тарихи отанына қайта оралған, этнос өкілдерінің қатысуымен ғылыми конференциялар, дөңгелек үстел, кездесулер, білім беру және басқа да мекемелерде «Тарих ғибраты» сабақтарының онкүндігі ұйымдастырылады.
- Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихы туралы «Халықтың алғысы – ұлы марапат» атты бұқаралық театрландырылған қойылымдар, «Болашаққа бірге!» флешмобы, кітап, мұрағат материалдары, фотосурет көрмесі, «Алғыс айту – парызың» мектеп оқушылары арасында шығарма байқауы өтеді. «Қазақстан – бақыт мекені» атты Қазақстан этностары туралы бейнероликтер мен деректі кинофестивалі, «Туған жерім – жүрегімде!» атауымен шетелде тұратын қазақстандықтардың онлайн-құттықтаулары, әлеуметтік желіде марафон, «Шаңырақ» этносаралық қатынастар саласындағы азаматтар арасындағы үздік бейнероликтерге шығармашылық байқау басталады. Еліміздің, өңірдің дамуына үлес қосқан түрлі кәсіп өкілдерінің алғыс айту бейнероликтері де көрсетілетін болады, - деді Бауыржан Абдыкадыров.
Бұқаралық іс-шаралар қалалық алаңда, саябақтарда, Достық үйінде өткізіледі.
Сондай-ақ брифинг барысында Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Амангүл Жайылханова мерекедегі жаңашылдық жайлы айтып өтті.
-Биыл Алғыс айту күнінің ерекшелігі - «Арайлы Атамекенім» челленджі. Мақсаты – ортақ тарихи жады, қазақстандықтар арасындағы бейбітшілік пен келісім негізінде Қазақстан халқының бірлігі мен қазақстандық бірегейлікті нығайту, патриотизмге, жауапкершілікке және рухани дамуға, адамға және қоршаған ортаға жақсы қарым-қатынас орнатуға тәрбиелеу. Аталған челленджге еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қатыса алады. Қатысушылар өзінің қызықты оқиғаларымен, сонымен қатар туған жерге деген сүйіспеншілігі мен мәдени ерекшеліктері, дәстүрі мен құндылықтары, қоғамдағы бірлік пен келісім туралы ой-пікірлерімен бөлісіп, алғысын білдіреді. Құттықтау мен алғыс сөздерінен кейін мемлекеттік рәміздердің фонында Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін орындауы керек, - деді Амангүл Жайылханова.