ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың жаңа тәсілдерін іске асыру қаралды, деп хабарлады mangystaumedia.kz primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин биылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша инфляция 1,1%-ды құрағанын, оның ішінде азық-түлік бойынша инфляция 1,4%-ды, азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 0,9%-ды, ақылы қызметтер бойынша 0,7%-ды құрағанын хабарлады.
Азық-түлік инфляциясының ең жоғары деңгейі Астана мен Шымкентте (2,2%-дан), Қызылорда және Солтүстік Қазақстан (1,8%), Ақтөбе (1,7%) және Ұлытау (1,5%) облыстарында қалыптасты.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі жыл басынан бері 1,7%-ды құрады. Апта сайын динамика әр түрлі деңгейде – +0,3/+0,4%. Маңғыстау (3,4%), Ұлытау (2,8%) облыстарында және Астана қаласында (2,5%) баға қатты өскен. Атап айтқанда, пияз 22,5%-ға, күріш 5,2%-ға, қырыққабат 4,1%-ға, сүт пен сәбіз 3,1%-ға, картоп 3,0%-ға, кеспе 2,6%-ға қымбаттады.