Ақтауда Маңғыстау облыстық мәслихатының VIII шақырылымының бірінші сессиясы өтті. Халық өкілдеріне депутаттық куәліктер мен төсбелгілер табысталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алғашқы отырысқа Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Елубай Әбілов, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
2023 жылғы 19 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті.
Сайлау қорытындысы бойынша облыстық мәслихатқа бір мандатты аумақтық округтерден 16 депутат, партиялық тізім бойынша 16 депутат сайланды.
«АМАНАТ» партиясының партиялық тізімі бойынша 14 депутат, «Ауыл» ХДП партиялық тізімі бойынша 1 депутат, «Ақжол» ҚДП партиялық тізімі бойынша 1 депутат сайланды.
Сайланған депутаттардың 28-і - ер 87,5%) және 4-і - әйел (12,5%). Оның ішінде жастар саны – 2 (6,25%). 32 депутаттың 31-і - жоғары, 1-і - арнаулы орта білімді.
Бірінші сессияда Маңғыстау облысы бойынша облыстық мәслихаттың төрағасы болып Жаңбырбай Матаев сайланды. Депутаттар оның кандидатурасын бірауыздан қолдады.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев депутаттарды құрметті және жауапты қызметке сайлануларымен құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық қалаулылары азаматтық қоғамды дамытуға және елдегі өзекті мәселелерді шешуге атсалысуы қажет екенін атап өтті. Еңбектеріңіз ел бірлігін нығайтуға бағытталып, сайлаушылар сенімін ақтауға бар күш-жігеріңізді салатыныңызға сенімдімін, – деді аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев.