Мен, Дюсалиев Болат Аманжолұлы, 1970 жылы дүниеге келдім, 1977-1987 жылдар аралығында Мұқыр қазақ орта мектебін бітіріп, Алматы теміржол көлігі инженері техникумынан «Теміржол көлігіндегі автоматика, телемеханика және байланыс» мамандығы бойынша және М.Тынышпаев атындағы қазақ көлік және коммуникация академиясынан «Автоматтандыру және басқару» мамандығын алдым.
Еңбек жолымды 1992 жылы Алматы белгі беру және байланыс дистанциясында СЦБ электромонтері болып бастап, 31 жыл теміржол саласында қызмет атқарып келемін. Қазіргі таңда Маңғыстау жол бөлімшесі қозғалыс қауіпсіздігі бойынша аймақтық бас ревизорымын.
Мұнайлы аудандық мәслихатының ІІІ және ІV шақырылымының депутаты ретінде Мұнайлы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді араластым. 2007 жылдан бері «AMANAT» партиясының мүшесімін.
Құрметті жерлестер!
Біздің басты мақсатымыз – әділ Қазақстан құру. Осы жолда мен өзіме бірқатар міндеттер қойдым және облыстық мәслихат депутаты ретінде мәселені шешуге атсалыспақпын.
Осы күнге дейін «AMANAT» партиясы Мұнайлы аудандық филиалы жанындағы мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде бірқатар істердің шешімін табуына ықпал еттім. Енді аудан, облыстың әлеуетін одан әрі дамыту үшін жұмыстар жүргізбекшімін. Алдымен,
Жолаушы тасымалы қызметін жолға қою
Осы уақытқа дейін Мұнайлы ауданы тұрғындарын тасымалдайтын ауылішілік қоғамдық көліктегі жолаушылар ағыны зерттелмеген, бұл тұрғындардың наразылығын тудырып отыр, осы орайда Баянды және Маңғыстау 1, 2, 3, 4, 5 ауылдары арасына тұрғындардың кедергісіз қатынасы үшін арнайы ауылішілік қоғамдық көлік қатынасын ашуға ықпал етемін.
Әлеуметтік нысандарды көбейту, дамыту
Аудан халқының әлеуетін арттырудың бір бағыты – әлеуметтік нысандардың санын көбейту. Осы орайда Мұнайлы ауданының Дәулет ауылдық округінде 200 орындық кітапханасы бар ауылдық клуб құрылысын бастауға ықпал етемін. Маңғыстау ауылында құрылысы басталған 150 төсектік орталық аудандық аурухананың уақытылы, сапалы аяқталуын қадағалаймын.
Бесшоқы, Шерқала және Жаңа Дәулет тұрғын үй алабына балалар алаңын салу, Маңғыстау ауылының Айрақты елді мекенінен мектеп құрылысын бастау және Маңғыстау ауылынан мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ғимарат сатып алуды іске асыруға атсалысамын.
Таза ауыл – таза көше
Мұнайлы ауданына қарасты кейбір ауылдардың тазалығы сын көтермейді. Ауыл тазалығымен айналысатын кәсіпорындардың қызметін күшейту керек. Облыс депутаты ретінде осы мәселеге де мән беріп, оңтайлы шешу жолдарын қарастырмақпын.
Инфрақұрылымды дамыту
Ауданға қарасты ауылдардың ішкі жолдарын жөндеуден өткізу арқылы ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыру қажет. Дәулет ауылының 2,1 шақырым ауылішілік автомобиль жолдарын орташа жөндеуге атсалысамын, 7 шақырым ауылішілік жол салуға қаржы бөлінуін қадағалаймын. Дәулет ауылдық округінде жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерге арналған газбен жабдықтау желілерін салуды қолға аламын.
Сондай-ақ, Баянды ауылында спорт кешені жоқ, балаларға арналған ойын алаңдары тым аз.
Тағы бір қолыма алатын мәселе - тұрғындарды ауыз сумен қамтуды тұрақты бір жүйеге қою.
Құрметті сайлаушылар!
Мен Маңғыстау өңірі тұрғындарының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру бойынша қойылған міндеттердің оң шешілуі үшін сайлауға барамын.
Сіздермен бірге барлық мақсаттарға қол жеткізе алатыныма сенімдімін.
Сайлау-бұл азаматтардың өзінің тұрмысына, өмір сүру сапасына, өз ауылының дамуына үлес қосуға алған үлкен жауапкершілігі.
Дюсалиев Болат Аманжолұлының сайлау қорының қаражатынан төленді.