Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев 8 наурыз – халықаралық әйелдер күніне орай көпбалалы аналарды «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан нәзік жандыларды марапаттады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жасампаздық пен жаңғырудың белгісіндей бану көктеммен ілесе жеткен 8 наурыз – халықарылық әйелдер күніне орай, облыс әкімінің қатысуымен салтанатты жиын өтті.
- Аяулы аналар бесік әлдиімен бірге сәбиінің құлағына жақсылықты, адам болуды, ұмтылысты, өміршеңдікті, болашаққа сенуді ұялатады. Бала тәй-тәй жүре бастағаннан ешкімнің ала жібін аттама, көпшіл, бауырмал мол деп айтқан тілектері қабыл болып, соның арқасында еліміздің әлемдік қауымдастықта лайықты орын алып отырған оң нәтижелерінің ең басты үлескерлері – ардақты аналар.
Отан отбасынан басталады деген қағиданы ескерсек, онда мемлекеттің дамуы әр отбасында берілетін тәлім-тәрбиеге байланысты. Біз қазір жеткен деңгейімізге тоқмейілсімей, алдағы уақытта әлі талай сын сағаттары бар екенін естен шығармауымыз ләзім. Қазір әлемдік деңгейдегі бәсеке күшейіп келе жатыр. Әлемдік өркениеттің көшінен қалмай, өзіндік орнымызды белгілей отырып, алға жылжу – баршамыздың міндетіміз. Осы мақсаттарды жүзеге асыруда әйел адамның орны ерекше. Көпшілігіңіз лауазымдық міндеттеріңізге сәйкес, алдыңызда тұрған тапсырманы орындай отырып, үйдің берекесі, отбасының ұйытқысы ретінде өз міндеттеріңізді атқарып келе жатырсыздар. Қоғамдағы саяси тұрақтылыққа, әлеуметтік келісімге, ағайынның бірлігіне, отбасындағы ынтымаққа әйелдердің жасайтын ықпал-көмегі өте зор деп білеміз.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген тәмсіл бар. Ал бесігіңді түзеу үшін – әйел адамға жағдай жасау қажет. Биыл Қазақстан Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның құрылғанына 25 жыл толып отыр. 25 жылдың ішінде біраз істер атқарылды. Әрине, бұл кеңес болмағанның өзінде де халқымыз өзінің даналығының, ұрпақтар сабақтастығының арқасында елдің елдігін бұзбай, жік салмай, ажыратпай, шашпай бүгінге жеткізді.
Құрметті ақ жаулықты әжелер, аналар, арулар мемлекеттің қолдауымен бірге біз өзіміз әрдайым сіздердің бастамаларыңызға қолдау білдіріп, қастарыңыздан табылуға дайынбыз. Мереке құтты болсын! Көрер қызықтарыңыз мол болсын! Ұл-қыздарыңызға, немере, шөберелеріңізге артқан үміттеріңіз орындалсын. Атқарған еңбектеріңізге зор рақмет айтамыз! Аман жүріңіздер! Дендеріңіз сау, бауырларыңыз бүтін, еліміз аман болып, жасаған жақсылықтарыңыз алдарыңыздан шықсын деп тілек айтамын, - деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
Сонымен қатар мерекелік шарада «Ақ Шағала» вокалды аспапты ансамблі мен Республикалық ән байқауларының лауреаттары ән шырқады. Рәсім аяқталғаннан кейін барлық марапатталушылар облыс әкімімен естелік суретке түсті.