«Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер» дегендей еліміздің бірқатар өңірінде болған су тасқынына байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясының еріктілері де қарлығаш көмегін аянып қалмады. «Достық үйі» жанынан ашылған арнайы эвакуациялық пункттің өзінде 29 тонна гуманитарлық көмек жиналған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасай отырып.
МО ішкі саясат басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Мереке Боранованың айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындарына көмек көрсету үшін 14 пен 65 жас аралығындағы жүздеген еріктілер бірігіп, хадари-хәлінше көмектесті.
- 9-20 сәуір аралығында су тасқынына байланысты Атырау облысынан келген 800 отбасы, 4000-нан аса адамға азық-түлік, киім-кешектер мен гигиеналық заттар секілді гуманитарлық көмек көрсетілді. Арнайы штабтың жұмысына қолдау көрсетіп, еріктілер бір кісідей атсалысты, - деді Мереке Боранова.
Су тасқынына байланысты өңірімізге басқан аймақтардан эвакуацияланған тұрғындарға гуманитарлық орталықтардан үздіксіз азық-түлік пен алғашқы қажетті көмектер берілді. Сондай орталықтардың бірі — 34 шағынаудандағы «Достық үйі» жанынан ашылған эвакуациялық пункт. 31 наурыз бен 20 сәуір аралығында маңғыстаулықтардан, оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) өкілдерінен зардап шеккен көршілерге 29 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жиналды.
ҚХА еріктісі, армян этномәдени бірлестігінің өкілі Маңғыстау тұрғындарының ауызбіршілігіне таң қалғанын жасырмады.
- Елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. «Әр қазақ — менің жалғызым» дегендей, ұлтқа бөлінбей, бір шаңырақ астында мекен еткен соң, отандастарымызға көмек көрсету — әрбіріміздің міндетіміз. Біз біріксек, алынбайтын қамал жоқ. Сол тұста қазақ халқы өзінің ауызбіршілігін көрсетіп, қиындыққа төтеп берді. Ер азаматтар су тасқынымен күреске қол ұшын созып, зардап шеккендерге көмекке аттанды, - деді Армен Мурадов.
Сондай-ақ, ол ҚХА еріктілері зардап шеккен отандастарына көмектесуге әрқашан дайын екенін айтты.