Еліміз бойынша жаз айлары басталғалы бері 8 млн тонна шөп шабылған. Алайда Маңғыстау облысында бұл меже төмен екені байқалады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, биыл көптеген өңірлерде жем-шөп дайындау үшін ауа райы қолайлы болып отыр.
«Қазірдің өзінде қазақстандық фермерлер 8 млн тонна шөп дайындады. Бұл биылға жоспарланған 25 млн тоннаның шамамен 32 пайызын құрайды. Ақмола, Түркістан және Жамбыл облыстарында жақсы қарқын көрсетсе, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында аз екені байқалады», - деді вице-министр.
Айта кетейік, биыл өңірлердің жем-шөп шығындарын субсидиялауға 11,7 млрд теңге бөлінген. Қажет болған жағдайда облыс әкімдіктерінің қосымша қаражат жіберуге мүмкіндігі бар.
Бұдан басқа, 2022 жылдың қорытындысы бойынша азық-түлік корпорациясы 235,2 мың тонна жем қорын құрған. Бұл жем қоры мал және құс шаруашылықтарына арзандатылған бағамен сатылатын болады. Бұл ретте, жем-шөп қоры 2022 жылдың өткізу көлемінен 58 пайызға асқан.