© Gz.mcfr.kz
Мемлекеттік сатып алулар порталында жыл басында, яғни 12 қаңтарда «Маңғыстау облысы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі рамкасымен бірге алғыс хат дайындау қызметіне конкурс жариялаған. Аталған қызметті әкімдік баға ұсынымдарына сұраныс негізінде сатып алуды жоспарлаған. Облыстық әкімдік алғыс хат дайындау ісіне бюджеттен 5 миллион теңгеге жуық қаржы (4 991 537 тг) қарастырған.
Әкімдік жариялаған конкурсқа 2 қатысушы өз бағасын ұсынған. Нәтижесінде ең төмен баға ұсынған жеке кәсіпкер «Жанна» 4 880 000 теңгемен конкурс жеңімпазы атанған. Бір қызығы Утегалиева Жанна Муханбетжановнаның атынан ашылған жеке кәсіпкерлік Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында тіркелген.
Конкурс нәтижесі бойынша 24 қаңтар күні әкімдік пен жеке кәсіпкер Жанна Утегалива келісім шарт жасасқан. Сондай-ақ әкімдік тарапынан өнім берушіге техникалық ереже берілген. Техникалық ереже бойынша жеңімпаз бір жыл көлемінде әкімдікке 4 мың дана рамкасымен, мемлекеттік атрибут бейнеленген алғыс хат дайындауға міндеттеліп отыр. Сондай-ақ өндіруші дизайнды әкімдікпен келісіп, 1 сағаттың ішінде дайындап беруі керек. Алғыс хаттарды дайындауға көп уақыт кете қоймас, алайда оны 1 сағатта Оралдан Ақтауға жеткізе ала ма?
Сонымен Маңғыстау облысы әкімдігі биыл 4 мың дана алғыс хат шығаруға жергілікті бюджеттен 4 млн 880 мың теңге жұмсамақ. Рамкілі бір алғыс хаттың бағасы 1220 теңгеге тең келеді. Осы ретте ақпарат ашық дереккөзден алынғанын қаперіңізге береміз.
Бұл мақала Америка халқының көмегі арқасында АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржысымен Internews ұйымы іске асыратын "Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы" аясында дайындалды.
Автор Тойгүл Нұржанқызы