Жаңаөзенде құны 1 млрд теңгеден асатын комбинат мемлекет иелігіне өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысының прокуратурасына сілтеме жасап.
2019 жылы «Тазалық-С» ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және көму комбинаты сенімгерлік басқаруына берілген.
Жаңаөзен қаласының прокуратурасы анықтауы бойынша ЖШС оған комбинатты беруге негіз болған міндеттемелерін орындамаған.
Оның ішінде комбинат арнайы техниканың жеткілікті санымен қамтамасыз етілмеген, қатты-тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу өндірісі кеңейтілмеген, полимерлі құбырлар өндірісі іске асырылмағаны белгілі болды.
Прокуратураның қадағалау актісі бойынша Жаңаөзен қаласының әкімдігі мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына сенімгерлік шартты тоқтата тұру туралы талап арыз беріп, ол толығымен қанағаттандырылған.
Апелляциялық сатымен жоғарыда аталған соттың шешімі өзгеріссіз қалды.
Нәтижесінде баланстық құны 1 млрд теңгеден асатын мүліктік кешен жергілікті атқарушы органның коммуналдық меншігіне қайтарылды.