ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен, Yessenov University ұйымдастыруымен алғаш рет Ақтау қаласында 24 мамыр – 24 маусым аралығында ХІІ жазғы ҚР жоғары оқу орындары студенттерінің Универсиадасы өтеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Бұрынғы универсиадалар спорт түрлері бойынша үш-төрт қаланы қамтитын болса, Aqtau-2023 универсиадасында 17 спорт түрінен 20 жарыстың бәрі осы ақмаржан қаламызда ғана өтеді.
Сондай-ақ алдыңғы универсиада бағдарламасында 30-дан аса спорт түрі болса, қазіргі таңда олар 17-ге дейін ықшамдалып, ең негізгі спорт түрлері ғана таңдап алынды.
Бұл дегеніміз – саннан сапаға көшу. Яғни университеттердегі спортшылардың көп айналысатын спорт түрлерінің бейініне қарай, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығымен бірлесе отырып, Дүниежүзілік универсиаданың бағдарламасына басымдық бердік.
Жарыс түрлерін ұйымдастыруға келетін болсақ:
Самбо, грек-рим күресі, дзюдо және еркін күрес, жеңіл атлетика түрлері «Маңғыстау-Арена» спорт сарайында өтеді.
Баскетбол, волейбол, футзал мен бокс «Халық-Арена» спорт сарайында өтеді. Бұл орталықта теннис және бадментон сайыстарын ұйымдастыруға да мүмкіндік бар.
«Арыстан-Арена» спорт кешенінде жүзу, ал қалған спорт түрлері Yessenov Sport Club студенттік кешенінде өтеді.
Универсиаданың ашылу салтанаты 5 маусым күні «Мұнайшы» стадионында және жабылу салтанаты 24 маусым күні «Маңғыстау-Арена» спорт кешенінде болады.