Каспий теңізіне дизель отыны төгілген. Бұл туралы Маңғыстау облыстық экология департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
“Түпқараған ауданы Аташ елдімекені аумағында "Батыс Мұнай Транс" ЖШС жанында тұрған "КАНТА" кемесінен теңізге шамамен 300 литрдей ұзын жолақ дизель отыны төгілгендігі анықталып, Маңғыстау облыстық экология департаментінің зертханалық-талдамалы бөлімінің мамандары судан сынама алды. Тұрғындардың айтуы бойынша, аталмыш жағдай "Батыс Мұнай Транс" ЖШС тиесілі кемеден орын алған”, – деп жазылған хабарламада.
Қазір Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік кодексінің 144-4 бабына сәйкес тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. "НКОК" компаниясы тарапынан теңізді тазалау жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді.