Ерлік пен қайтпас қайсарлық пен батырлықтың ұраны болған Ұлы Жеңіске биыл 78 жыл. Ұлы Отан соғысы біздің халқымыздың, аға буын өкілдерінің биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын күллі әлемге танытқан қасиетті соғыс болса, Ұлы Жеңіс аға ұрпақтың сол ерлігін мәңгілік ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Жеңіс күнін аға буынның Отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің, жастарды ерлік пен патриотизм рухында тәрбиелеудің өлшеусіз өнегесі деп білеміз, бұл күнді халқымыздың әлі талай буыны мерекелейтін болады.
Бұл соғыста еліміздің миллиондаған өрімдей жігіттері мен қыздары ұрыс даласында етігімен қан кешіп, жан алысып, жан берісіп жүріп, қаһармандық пен ерліктің үлгісін көрсетті. Облыс аумағынан шайқасқа алты мыңнан астам адам аттанған. Соғысқа кеткен әрбір екінші азаматымыз ұрыс даласында қазаға ұшырады. Соғыс әр үйге, әр отбасының өміріне жазылмас жараның ізін қалдырды. Уақыт өткен сайын ардагерлер қатары сиреп, азайып барады.
Соғыстың қарапайым халыққа салған қасірет –қайғысын сөзбен жеткізу қиын. Талай боздақ майдан даласында қыршыннан қиылып, талай үйдің түтіні ерте өшіп қалды, тепсе темір үзетін аптал жігіттер қылшылдаған жасында мүгедек болып оралды.
«Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» деп Қасым ақын айтқандай, соғыстың соңғы оғы атылғанына да сексен жылға таяп келеді. Ия, уақыт өз дегенін істейді. Бір кездегі оқ-дәрі иісі сіңген сұр шинелін жамылып, туған топыраққа от ортасынан оралған жалындай алаулаған жас жігіттер бұл күндері самайларын ақ қырау шалған ақсақал атанып отыр. Маңғыстаудан майданға аттанғандардың соңғы легі 1925-26 жылдары туған балауса жігіттер еді. Қазір солардың өздері тоқсанның төріне шығып отырған абыз ақсақал, ата жасындағылар. Бәрінен де бататыны, өмірінің көктемін соғыс өрті шарпыған, қазіргі шақта мұражайлардың сирек экспонаттарындай, тірліктің сәні мен мәні, мазмұн-мағынасы іспетті осы бір жүздерін әжім қатпарлаған, ақ шашты, еңкіш тартса да еңселері биік ержүрек ұландардың қатары күн өткен сайын селдіреп барады. Сол бір сұрапыл от пен сұрқия оқтың ортасынан аман оралған солдаттардың саны мігірсіз уақыт пен мейірімсіз ажалдан сиреп бара жатқаны қабырға қайыстырады.
Соғысқа бастап-аяқ қатысып, Жеңіс күнін Берлинде қарсы алған маңғыстаулық Асан Аймағамбетов айтары көп ақсақалдардың бірі. Асакеңнің де ғасырлық ғұмыры өз замандастарының пешенесіне жазылған небір нәубеттермен айшықталған.
Асан Маңғыстаудың Елеғажы-Ешкіқырылған деген жерінде 1925 жылы туған. Әкесі Ыбыраш, Аймағамбет, Ыбырайымжан деген үш ағайынды, мал баққан шаруа адамдар болған. Аймағамбет үлкені, оның Әбдеш деген баласы болыпты. Ыбыраштың Асан, Үсен деген егіз баласы болып, Үсені жастай шетінеп кетеді. Асанның екі жасында әкесі қайтыс болып, шешесін қайынысы Ыбырайымжанға атастырады. Одан Түркіс, Өрік деген екі балалы болады. 20-жылдардың аяғындағы жұт қоянда бұл әулеттің бас көтерген азаматтары Аймағамбет те, Ыбырайымжан да қайтыс болып, шиеттей үш баласын ертіп, шешесі күнкөріс қамымен Бесқалаға кетеді.
Асекең сол бір зар заманды еске түсіріп, былай деп әңгімелейді:
-Есім жаңа кіріп келе жатқан бес жастағы баламын ғой, түйенің қомында келе жатқаным әлі есімде. Түйенің екінші жағындағы кебеже ішінде інім мен қарындасым да қарындары ашып, жылап келе жатыр. Қанша уақыт жүргенімізді қайдан білейін, әйтеуір өзегіміз талып, өлім халіне жеткенімізде ел шетіне келдік. Шешеміз үйді жабасалма қылып тікті де өзі әлдебір жаққа барып, жүгері ме, тарының сөгі ме, әйтеуір қалтасына салып дәнді дақыл алып келді. Сөйтіп жедеғабыл ас қамдап, түйенің сүтімен былғастырып көше-қатық жасап берді...
Шешесі Бесқалада, Ташауыз маңында тұратын бір табын жігітпен тұрмыс құрады. Бір күні Маңғыстаудан ағасы Әбдеш келеді. Аштық пен жұт жайлаған зар заманда күнкөріс қамымен жан-жаққа бытырап кеткен ағайын-туыстарын осы Аймағамбеттің Әбдеші ел-жұртымен табыстырып жүреді.
-Әбдеш ағам келгесін үй ішінде өзара даурығысып, әлденеге келісе алмай жатқанын білемін. Содан шешем мені шақырып алып: «Мына ағаң сені Маңғыстауға алып кетпекші, барасың ба?»- деді. Мен: «Барамын», - дедім. Сөйтіп, Әбдеш ағам мені өзімен бірге Маңғыстауға алып кетті.
Көліктері түйе. Маңғыстаудың халқын небір зұлмат дәуірлерде жол азабынан да, шөл азабынан да құтқарған осы Ойсыл қара тұқымы, Адай аруаналары ғой. Ұлы қырдың үстінде қараш Бейнеубай қазған құдықтардан шөл басып, араға екі қонып ел шетіне жетеді.
Бұлар сүйіндік әулетінің ежелгі атамекені Сенек, Бесоқты жерінде ұйымдасып жатқан колхозға кіріп, Асанды ауылдағы сауат ашу мектебіне береді. Фамилиясын Аймағамбетов деп жазғызады. Асанның 13-14 жасқа келген шағында, Әбдеш ағасы Ташауызға барамыз деп қасына ертіп алады. «Шешең қайтыс болыпты, соған барамыз»- деген. Ташауызға келгесін табын жігіттің үйіне түнеп, бауырлары Түркіс пен Өрікті көріп, көңіл жұбатқасын, ертесіне шешесінің қабірі басына барады. Әбдеш құран оқып, басына белгі қойып кетеді. Сол сапарында Түркіс пен Өрікті де ала қайтады.
Әбдештің Қағаз, Назым деген екі әйелі болған. Қағаз бен Назымнан Гүлбаршын, Дәмелі, Дәметкен есімді үш қызы болады. Асан мен іні-қарындасын да осы екі кейуана баласындай бағып өсіреді.
1940 жылы Сенек, Сұмса мен Бесоқты, Тоңаша жерлерінде ұйымдасқан бес колхозды Жаңғақтының ойына көшіру туралы жоғарыдан ұйғарым келеді. Осында отырған ызғындай ел мал-жанымен енді Жаңғақтың ойына көшеді. Әбдештің әулеті де елмен бірге Қошоба деген бұлақтың басына қоныс тебеді. Қошоба бауырайында он екі бұлағы бар, малға да, жанға да жайлы қоныс болады. Осындай жайлы қонысқа енді жайласа бастаған шақта Ұлы Отан соғысы басталып, ел тағы да дүрлігіске ұшырайды.
Желкілдеп өсіп келе жатқан өрімдей жастар тізімге алынып, соғысқа әзірлік шаралары барлық жерде басталып кетті. Асанды 1942 жылы 17-ге толған бойда-ақ армия қатарына алып кетеді.
Бір айдай пулеметші-атқыштар курсынан өткізіп, Асандарды Воронеж майданының 21-армиясы құрамында Белгород қаласын жаудан тазарту айқастарына жібереді. Генерал-полковник Н.Ф.Ватутиннің қолбасшылығымен бұл майдан жауынгерлері Украина жеріне алғашқылар қатарында кірген болатын. Асан Украинаның Харьков, Полтава қалаларын жаудан азат ету айқастарына қатысады, иығынан жеңіл жарақат алады.
1943 жылдың қазан айында Воронеж майданы 1-Украин майданы болып қайта жарақталып, Киевтің түстік бетіндегі жаудың ең көп шоғырланған отты нүктелерін, қару-жарақ базасын талқандау міндеті жүктелді. Житомир-Бердичев операциясы кезінде Асан бүйірінен ауыр жарақат алып, майдан даласында ес-түссіз жатып қалады. Шабуылдаушы армияның соңын ала жүретін тыл бөлімшесі қансырап жатқан жауынгерді жанына санитар қызды қосып, ат жеккен арбамен дала госпиталіне жөнелтеді. Асан есін осы госпитальде жияды. Осында жедеғабыл операция жасалып, екі ай бойы емделеді. Сөз арасында айта кетелік, Бердичев-Ровно қалалары аралығындағы қан-қасап айқастардың бірінде майдан қолбасшысы Н.Ф.Ватутин де санынан ауыр жарақат алады. Қолбасшыны жаудан тазартылған Киевтегі әскери госпитальге жеткізіп, аяғына күрделі операция жасалады. Алайда оны ажалдан алып қала алмайды.
Ержүрек қолбасшы Н.Ф.Ватутин Киев қаласындағы орталық алаңға жерленеді.
Госпитальден шыққан соң Асанды 2-Беларусь майданы құрамындағы армияға жібереді. Бұл жауды ел шебінен әрі қуып, енді Европа елдерін азат ету айқастары басталған кез еді. 2-Белорусь майданы басшылығына 1944 жылдың қыркүйек айында Ұлы Отан соғысының даңқты қолбасшыларының бірі К.К.Рокоссовкий келді. Бұл майданның басты бағыты Польшаны, Балтық жағалауы елдерін, Шығыс Пруссияны жаудан тазартып, Берлинді солтүстік беттен қоршауға алу болатын. Осы бағыттағы немістің Ландсберг, Эберсвальде, Бранденбург деген кішігірім қалаларын жау әскерлерін талқандау кездегі айқастардың бірінде дәл жанынан жарылған зеңбірек снярадының жарқыншағы тиіп, Асекең басынын жарақат алады. Біразға дейін құлағы бітіп, басы айналып қалады, дала госпиталінің дәрігерлері басындағы жарақаты жеңіл, бас сүйегі аман деп, контузияға ұшырағанын анықтайды. Сөйтіп, екі аптадай емделген соң бөліміне қайтарады. Бұл кезде армиясы жаудың отты ошағын толық құрсауға алып, жан алып, жан беріскен айқастар Берлин қаласы түбінде жүріп жатқан еді.
Орталық Еуропадағы мамыражай көктемнің шырқын жер тітіреткен зеңбірек үні мен ерсілі-қарсылы зуылдаған ажал оғы, қираған ғимараттар, өртке оранған үйлер, жалын ораған танктердің үйіндісі бұзып тұрды. Асандардың бөлімі Берлин қаласына түстік бетінен кірген болатын. Қираған үйлердің тасасымен біздің жауынгерлер атыса жүріп, қала көшелеріндегі от шашып, оқ боратып тұрған ұяларын өшіріп, алға жылжыды. Жау Берлинді қолдан бермеуге қанша тырысып, жанталаса қарсыласқанымен үш жақтан қыспаққа лаған Қызыл армияның тегеурініне шыдай алмады. Қала көшелері бірінен соң бірі қаңырап қалды. Фашистердің қанқұйлы ордасына айналған Рейхстаг төбесіне қызыл жалау ілінгенін көргенде қуаныштарында шек болмады. Бұл 1945 жылғы 2 мамыр күні еді. Жауынгерлер уралап Рейхстагқа қарай жүгіре жөнелді. Талай күндерден бергі жойқын жарылыстар, шуылдаған оқтың даусы сап тиылған. Рейхстаг алдындағы алаңда бірін-бірі құшақтап, құттықтап жатқан жауынгерлерде қисап жоқ. Бірқатарлары Рейхстагтың қабырғаларына штыктарының жүзімен, бормен есімдерін, туған жерлерін жазып жатыр. Асан да бір бұрышына «Асан, Маңғыстау» деп ойып жазды.
Майдангер қарт Асан Аймағамбетов Ұлы Отан соғысындағы ерлік әрекеттері үшін «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», Жуков медальдерімен, Бас Қолбасшы И.В.Сталиннің Алғыс Хатымен, Жеңістің мерекелік даталарына орай берілген медаль-төсбелгілерімен марапатталды.
Асекең Берлин үшін болған ақтық айқасқа қатысып, Жеңістен кейін Украина жеріндегі соғыстың ауыр зардаптарын жою, қирап, бүлінген қалаларын қалпына келтіру жұмыстарына жіберіледі. Елге 1948 жылы оралады. Соғыста 3 рет жараланса да, от ортасынан аман келіп, елге келген соң Красноводск қаласы маңындағы Ақтас поселкесіндегі құрылыс материалдарын өндіретін комбинатқа шофер болып жұмысқа тұрады.
Бұл құрылыс материалдары комбинаты Батыс Түркменстандағы үй құрылысының негізгі тірегі күше тас өндірісімен айналысатын бірден-бір өндіріс орны еді. Соғыстан кейінге ауыр жалдар, тас кесетін комбайнның шықпаған кезі. Комбинатта мыңдаған жұмысшылардың жанқиярлық еңбегі- мен, білектің күшімен кесіліп дайындалған ақ маржан тастардан талай ғимараттар бой түзеп, ел игілігіне берілді. 1948 жылғы 6 қазанда Түркменстанның астанасы Ашхабад қаласы жойқын зілзаладан жермен-жексен болып құлады. Қаланы қайта тұрғызып, қалпына келтіру жұмыстарына осы Ақтас карьерінен өндірілген күше тастар пайдаланылды. Құбатау бөктеріндегі Гюша (атауы осы карьерде өндірілген күше тасынан алынған. Е.І.) станциясынан Ашхабатқа күндіз-түні толассыз күше тас жөнелтіліп жатты. Зеңбірігі зіркілдеген майдан даласынан келген Асекең енді еңбек майданының иен ортасында жүрді.
Осы өндірісте жұмыс жасап жүрген кезінде майдангердің тағы бір ерлікке тұрарлық ісін ел-жұрты әлі күнге айтып жүр. Оқиға былай болған. Ақтастағы құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорын 70-жылдары Жетібай жерінен ұлутас алдырып, өңдеп, іргелі ғимараттардың сыртын әшекейлеуге пайдаланған. Ұлутасты Жетібайдағы карьерден 600 шақырымдай алыстағы Жаңғақтың ойына машиналармен тасымалдап тұрды. Осындай жауапты да қиындығы мол алыс жолға тәжірибелі шофер Асекеңді қасына жас шоферлердің бірін қосып жұмсап отырған. Асекең бұл жұмысты да ойдағыдай орындап жүрді. 1976 жылдың желтоқсан айында Асекеңді комбинат басшылары қыс түспей тұрып Жетібайға тағы бір рет барып қайтуды тапсырады. Соғыс жылдарында командирдің бұйрығын мүлтіксіз орындап дағдыланған майдангер азамат күннің суыта бастағанына қарамастан қасына комбинаттағы жас жүргізуші Сапар Бердатов деген жігітті алып, алыс сапарға аттанып кетеді. Талай рет қатынап жүрген жайдақ жолы. Қызылқияның үстімен Сырлытамшы асуынан әрі асып, Қарабұғаздың түстік бетін ала отырып, дөңнің басындағы Шағаласор, Табан-Ата қауымы арқылы Өзенге, одан әрі Жетібайға барады. Жолшыбай Сырлытамшы асуының етегінде мал бағып отырған түркмен-білішінің үйінен шұбат ішіп, тамақ қаузап алатыны бар.
Жетібайға келісімен «КрАЗ»-дарына екі-үш пұттан ұлутас жүктеп, ұлы сәскеде жолға шығады. Ойлары – түнделетіп түркмен-біліштің үйіне жетіп дамылдау. Күн қара суық, шығыстан үскірік жел азынап тұр. Бет қаратпайды. Екі шофер неде болса ел қарасына жетіп қалуды ойлап, машиналарын бар жылдамдығына салып, ылғидың ала дөңінде ызғытып келеді. Жаңғақтың ойына құлайтын асуға жете бере машина моторына жанармай келмей іркіле берді. Кәнігі шофер бірден білді: бактегі солярка суық желден қата бастаған. Сырттан от беріп жылытуға болмайды, өрт қаупі бар. Ақыры асудан құлай бере екі машина да тоқтап тынды-бактегі солярка суыққа шыдамай қатып қалған. Енді қайтпек? Қыстың қысқа күні әлдеқашан батып кеткен. Екеуі кабинаға кіріп, Өзеннен алып шыққан шұжығы мен нанын қаузап, дағдарып, біраз отырды. Сырттағы ызғырық жел одан әрі күшейген сияқты. Түнеп шығуға мотор өшкеннен кейін кабинадан да қайран кете бастады, қара суық шыдатар емес. Сапардың бойына қорқыныш ұялап, ағасына алаң-құлаң етіп қарай береді. Соғыста ыстықты да, суықты да көріп, от пен оқтың ортасында талай ақ қар, көк мұз жамылған майдангер азамат ақыры бір тоқтамға келді. Машиналарды тастап, елге қарай жаяу тарту керек. Ойлары- асудан 60 шақырымдай жерде отырған түркмен білішінің үйіне жетіп жығылу. Аузы-бастарын орамалмен таңып, жылы киімдерімен қойны-қоныштарын қымтап, екеуі түн жамылып жолға шығады.
Шығыс беттен соққан ызғырық желмен алысып, екеуі жеңіл аяңмен жүріп келеді. Оның үстіне қабаттап киген қысқы киім де адым аштырмайды. Ылғидың ала дөңінде түнде жортып жемтік іздейтін түз бөрісіне жем болу қаупі де бар. Боранмен жағаласып, біраз жүргеннен кейін аяқтары талып, Сапар «Аға, демалайықшы» деп қоймағасын, бір бұтаның ықтысынына жантайып, демалды. Ет қызуымен жүріп келген екеуінің бойларын сәлден соң-ақ суық ала бастады. Асекең: «Тоқтамай жүру керек, әйтпесе, ит-құсқа жем болып далада өлеміз» деді. Тағы да жүріп кетті. Ай батқаннан кейін даланы қою қараңғылық басқан. Жолдың сұлбасы әрең көрінеді. Сапардың құлағына желдің ызғырық үуілімен қабаттасып, қасқырдың ұлыған үні келгендей болады. Асакеңде үн жоқ. Құлағының соғыстан қалған мүкісі бар. Ағасының ит-құсқа жем боласың дегені ойына оралып, қапталынан қалмауға тырысып келеді. Екі тізесі талмаусырап, аяғын көтерудің өзі күш болуға айналғанда таң сарғая бастады. Жел әлі ызғырып тұр. Күн шыға жел басылар деп ойлаған, бірақ басылатын түрі жоқ. Түркмен-біліштің үйіне жақын тұста нар селеуі мен жүзген-сексеуілі аралас өскен құмдауыт түлей бар еді. Күн сәскеге таяғанда сол түлейге жетті. Екеуі қалың бұтаның ығына жантайып жата кетті. Бес-он минуттей аяқтарына тыныс бергеннен кейін Асекең Сапарды тұр-тұрға салып, әрең тұрғызып, тағы да жүріп кетті.
Малшы түркменнің үйі осы түлейдің аяғындағы ойпаңдау жерінде отыратын. Сол тұсқа жақындағасын төбеге шығып қараса - орнында түркменнің қараша үйі жоқ, үстіне үй жүктеген «Газ-53» машинасы осы жолға қосылмақ болып, өрге шығып келеді. Машинаны көргенде екеуінің жүректері жарылып кете жаздады. Мына жықпылдың арасынан көрмей қала ма деп, жандәрмендеп, төбеге шығып, айқайлап қолдарын бұлғалады. Шофер дауыстарын естімесе де көрген болуы керек, ұзын жолға түскесін бұларға қарай бұрылды. Машина келгенде екеуі жол бойында діңкелері құрып, қозғалуға шамалары келмей құлап жатыр еді. Түркмен-біліші тани кетті, мына сұлап жатқан екеуі осыдан үш-төрт күн бұрын үйінен шұбат ішіп, Маңғыстауға кеткен жігіттері. Сәл кешіккенде бұларды көрмей, Шағыл ауылының маңындағы қыстау қорасына қонбақшы екен. Қалжырап жығылған екеуіне жылы сүттері бар екен, соны беріп, ес жиғызды.
Асакеңнен хабарларына қанғасын үй иесі әйелімен машинаның үстіне мінді де, екеуін кабинаға отырғызды. Жылы кабинаға кіргеннен кейін сөйлеуге де шамалары келмей, біріне-бірі сүйеніп ұйықтап кетті.
Кештетіп Қызылқияға келгеннен кейін Асекең осында дизель электр станциясының мастері болып істейтін Қуат Әлпейісұлы деген балдызының үйіне келіп ес жияды. Апақай келінінің ыстық шәйі мен жылы-жұмсағынан тоя жеп, балдызына бар хабарын айтады.
Ертесіне Қуат комбинатқа телефон соғып, жүк машиналарының жолда қалғанын, екі шоферды өлімші халде совхоздың машинасы тауып әкелгенін айтады. Комбинат басшылығы шұғыл шешім қабылдап, жарамды машина дайындап, орталықтан 250 шақырым қашықтықтағы Қызылқиядан іс-сапарға кеткен екеуін мінгізіп, далада қалған екі машинаға алып кетеді. Сөйтіп, жапан түзде қалған машиналарының солякілерін ауыстырып құйып, елге келеді.
Қазір Жаңаөзен қаласында тұратын Сапар Бердатов боранмен жағаласып, 60 шақырым жаяу жүріп, елге жеткендерін, майдангер ағасының ерен қайраты арқасында аман қалғанын әрдайым айтып отырады.
Асан Аймағамбетов осы өндіріс орнында табан аудармастан 50 жылдан астам уақыт еңбек етті.
Соғыстан оралған соң отбасын құрып, өмірлік жолдасы Әлима апамыз екеуі сегіз бала өсіріп, олардан өрген немере-шөберелерін көрді. Апамыз 1998 жылы қайтыс болды Бейбіт еңбекте де әрдайым озаттар қатарынан табылып, Еңбек Қызыл Ту орденімен, басқа да марапат қағаздармен сыйлықтанады.
Сұрапыл соғыстың соңғы солдаты, ғасыр жасаған майдангер қария қазір Ақтау қаласында ұлы Есенқос пен Зоя келінінің бағымында бақуат өмір кешіп жатыр.
Майдангер қариялардың бізге мұра етіп қалдырған бір асыл қасиетті қан кешін қар жамылып келсе де, соғыстан кейінгі ауыр жылдар салмағын мойымай көтерді, еңбек майданында да ер атанды. Бүгінгі тәуелсіз еліміздің іргетасы осындай майдангерлер қолымен қағылған мық шегемен бекітілгенін ұмытпайық!
Майдангер ақын Есенғали Бөкенбаев өзінің бір өлеңінде :
Соғыстан бітсе-дағы зардаптары,
Әлі де сапта келеді солдаттары,
Қанша жыл өтті міне содан бері,
Түскен жоқ қолдарынан балдақтары.
Ұмытпайық шайқаста өлгендерді,
Қадірлейік Жеңіспен келгендерді.
Қадірлейік, ұландар, сендер үшін,
Мүгедек боп еліне кем келгенді.
Жеңіс бізге келген жоқ көктен құлап,
Талай боздақ қалды ғой мәңгі сұлап.
Бүлдіршіндей жас едік бәріміз де,
Бүгінгі күн аз қалдық, ойлан, шырақ !
Ардагер ақын айтқандай, бүгінгі ұрпақ аталары бастан кешкен алапат күндерді әрдайым ескеріп жүруі, олардың ерліктерін өнеге тұтуы, Елі мен Жері алдындағы азаматтық парызы саналады.
Қазір сол қырғын соғысқа қатысқандардың қатары селдірей сиреп, зауалды зұлмат кезеңнің тірі куәлеріндей саусақпен санарлық қана ата-әжелеріміз қалды. Олар соғыстан кейін де талай-талай қиыншылықтарды бастан кешірді. Алайда, қиямет-қайым сын шақтарда морт сынбады, мойымады, керісінше, шың болаттай шыңдалып, ысылып, шымырлана түсті. Зеңбірек добы мен бомбалардан бүліншілікке ұшырап, жермен жексен болған селолар мен қалаларды қайта тұрғызып, қираған өндіріс орындарын, күйзелген халық шаруашылығын қалпына келтіруге аянбай атсалысты. Олардың қаһармандыққа толы өнегелі өмірлері мен жанқиярлықтан тұратын ерен еңбектері ұлан-ұрпақтарының мәңгілік мақтанышы, әрі тәлім түйер өшпес үлгісі болып қала бермек.
Есберген ІҢІРБАЙҰЛЫ,
Ақтау қаласы