Құрметті Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, ардақты маңғыстаулықтар!
Сіздерді 9 мамыр - Жеңіс күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сұрапыл соғыстың біткеніне, міне, 78 жыл толды. Бүгін жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, жеңіс жалауы желбіреген күн.
Отанды қорғау, елге абыроймен қызмет ету қастерлі іс. Осынау жауапты міндеттің үдесінен шығып, сын сағатта ерлік көрсеткен ардагер аға буын мен тылда еңбек еткен аға-апаларымыздың еселі еңбегіне мың тағзым етеміз. Сондықтан, осынау ерлікке толы күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Елдің азаттығы мен ұрпақтың жарқын болашағы үшін жанын пида еткен боздақтарымызды мәңгі есте сақтау – қасиетті борышымыз» деп айтқан болатын. Бейбіт күнге жеткізген батырларымызға құрметіміз қашанда жоғары.
Өкінішке орай, қан майданның қияметін басынан өткерген ардақты аға буынның қатары жыл сайын сирей түсуде. Биыл Маңғыстау облысында Жеңістің 78 жылдығын небәрі 3 ардагер, 510 тыл еңбеккері ғана қарсы алып отыр. Асыл текті қарияларымызға Майдан даласындағы жауынгерлік ерлік пен тылдағы қажырлы еңбектеріңізге бас иіп, Маңғыстау халқының атынан алғыс айтамыз!
Жеңімпаздар ерлігі, өршіл рухы, аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлық бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге, жастар өздеріңізге қарап бой түзейді.
Сондықтан қадірлі қарияларымызды, жерлестерімізді Жеңіс мерекесімен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бейбіт өмір, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!
Еліміздің тыныш, халқымыз аман болсын!
Құрметпен,
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев