Маңғыстаулық боксшы қыздар Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымовтың жүлдесіне арналған Халықаралық турнирде жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.
Алматыда бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Ермахан Ыбрайымовтың жүлдесіне арналған V Халықаралық турнир мәресіне жетті. Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және еліміздің барлық аймағынан 250-ден астам спортшы бақ сынады.
Маңғыстау облысының қыздар құрама командасы аталған сында 1 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлдеге қол жеткізді. Олардың қатарында 63 келіде Әсем Таңатар турнирдің жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, 60 келіде Аяулым Есбосынова мен 75 келіде Әйгерім Егдер күміспен күптелсе, 50 келіде сынға түскен Сәбина Сәрсенқожаева қола жүлдені қанағат тұтты.
Аталған халықаралық турнирде үздік нәтиже көрсеткен боксшылар Қазақстан құрама командасына қабылданып, Азия чемпионатына жолдама алмақ. Сонымен бірге, әр салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаз атанған спортшыға ҚР спорт шебері атағы беріледі.