Бүгін Ақтау қаласындағы Білім-инновация лицейінде Маңғыстау облысының ауыл мектептерінің оқушыларына арналған олимпиаданың екінші кезеңінің ресми ашылуы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қазақстанның ауыл оқушылары үшін үлкен мүмкіндік беретін «IQanat» мектебі биыл да көшбасшы болатын нағыз майталмандарға жарыс ұйымдастырды. Додаға Қазақстанның барлық өңірінен 10 мыңнан астам бала «айқанаттық» атану үшін өзара бақтарын сынап жатыр.
Олимпиаданың ашылу салтанатында Маңғыстау облысы бойынша «IQanat» республикалық олимпиадасының басты ұйымдастырушысы Айтбибі Токаева сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бүгін «IQanat» республикалық олимпиадасының II кезеңінің ресми ашылуы өтіп, оған Маңғыстау облысының ауылдық мектептерінен 504 бала қатысып жатыр. Екінші кезең пәндік бағытқа ие, яғни оқушылар математика, физика, биология, химия, Қазақстан тарихы және география сияқты пәндер бойынша тестілеуден өтеді. Үздіктердің бір бөлігі Бурабайдағы «IQanat» мектеп-пансионатына тегін оқуға, ал екінші бөлігі – Олимпиададан кейінгі үш жылдық тегін қолдауға қабылданады. Осылайша балалар ҰБТ-ға, халықаралық емтихандарға қарқынды дайындалып, ағылшын тілін, ІТ-дағдыларды, soft skills, кәсіпкерлікті және басқа да салаларды оқиды, - деді Айтбибі Токаева.
IQanat білім сайысында әрбір оқушының білім деңгейі таразыланып, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік анықталады.
Олимпиаданың ақтық сайысынан өткен жеңімпаздар Қазақстандағы ең мықты дарындыларды дамыту мектептерінің бірі – IQanat High School of Burabay мектебінде оқу үшін әлеуетті гранттарға ие болады. Аталмаш гранттың иегері атану үшін өз бағын сынауға келген Мира Бисембек білім додасында бағын сынап, жоғарғы дәрежеде өзін көрсеткісі келетінін айтты.
Облыстық кезеңге қатысу мен үшін үлкен жетістік. Енді осы облыстық кезеңнен республикалық кезеңге өтсем одан әрі қуанар едім. Таңдау пәніне байланысты ұзақ дайындалып, бүгінгі кезең үшін өзімді жан - жақты сараладым. Басқа оқушыларға сәттілік тілеймін. Олардың грантқа түсіп кетуіне тілектеспін! - деді Мира Бисембек.
IQanat – бұл ауыл оқушыларын қолдауға және сапалы білім алуға мүмкіндік беруге бағытталған қазақстандық кәсіпкерлердің әлеуметтік және білім беру жобасы.
Айта кетелік, екінші кезеңнің жеңімпаздары Алматы қаласында өтетін ақтық кезеңге жиналады.