20 наурыздан еліміздің бірнеше аймағында тау арқарларын санау науқаны басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл ретте «Охотзоопром ӨБ» РМҚК қызметкерлері және облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мен «Зоология институты» РМК өкілдерімен бірлесе отырып тау арқарына (арқарға) көктемгі әуе санағы жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"Көктемгі әуе санағы жұмыстары Түркістан, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жетісу және Абай облыстарының аумақтарында сәуір айының соңына дейін өтеді", - деді еліміздің экология министрлігінің баспасөз қызметі.
"Қызылсай" мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің директоры Мыңберген Қаратауов Маңғыстау облысында арқарларды санау күзде жүретінін атады.
"Көктемгі жоспарға сай ішкі тәртіп бойынша өзіміз санақ жүргіземіз. Наурыздың соңынан мамыр айының басына дейін арқарлар төлдейді. Сол уақытта парк аумағында тыныштықты сақтау үшін біздің инспекторлар күні-түні жұмысын атқарып жатыр", - деді Мыңберген Қаратауов.