2023 жылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мәселесі бойынша келіп түскен шағымдардың ішінен 11 қызмет алушының құқығы қалпына келтіріліп, қорғалды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның ішінде 7 немесе 63,4%-ы - мемлекеттік органдар мен оларға бағынысты ұйымдар тарапынан мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту деректері.
Мамандардың айтуынша, қызмет алушылардың құқығы, яғни шағымның 50 пайызға жуығы сәулет-қала құрылысы қызметі кезінде жиі бұзылады.
Мысалы, есептік кезеңде Түпқараған ауданы мен Ақтау қаласы әкімдіктерінің сәулет-қала құрылысы саласындағы бөлімдері тарапынан кәсіпкерлерге заң талаптарына сәйкес берілуге тиіс рұқсаттар уақытылы берілмей, созбалаңға салынып, өтінішінен негізсіз бас тартып отырған.
Департаменттің араласуымен тексеру, зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде қызмет алушылар құқығын қалпына келтіру бағытында ұйғарымдар енгізіліп, толықтай қанағаттандырылды.
Атап айтқанда, 2 кәсіпкерге сәулет жоспарлау тапсырмалары рәсімделсе, 3 кәсіпкер эскиздік жобаға келісім алды.
Оған қоса мекеме басшыларына 2 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, айыппұлдар өндірілді. Сондай-ақ басшылық пен жауапты мамандар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.