Ақтаудағы бірқатар сәулет нысандары мен ескерткіштері қайта қалпына келтіруді қажет етеді. Мысалы, Ынтымақ алаңындағы әткеншектер пайдалануға толық жарамсыз күйде. Ал «Мәңгілік алау» монументінің жанындағы еске алу аллеясы жаңартуды қажет етеді. Ақтау қаласын абаттандыруға қатысты конкурс жарияланды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөзіне сілтеме жасап.
Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі мамандарының айтуынша, «Ынтымақ» алаңындағы әткеншектер жанында полиция пункті орналасқан. Осыған қарамастан вандализм іс-әрекеттері оның ішінде әткеншектерді сындыру фактілері көп болған.
- Соңғы екі жылда әткеншектер мен абатттандыру нысандарына жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Бірақ, вандализм іс-әрекеттері әлі де тыйылмаған. Осының алдын алу мақсатында полиция басқармасына бірнеше хат жолдадық. Олар өз тарапынан бақылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Анықталған жағдайда айыппұл салынады, - деді Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Бақтияр Мақсатов.
Қала тұрғындарының серуендеп, сейіл құратын тағы бір сүйікті орны – 9 шағынаудандағы аллея. Бұл аллея да қалпына келтіруді қажет етеді.
- Конкурстық іс шара аяқталып, мердігер мекеме анықталғаннан кейін келісімшартқа сәйкес қала аумағындағы бүлінген, қираған, сынған абаттандыру нысандарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі, - деді Бақтияр Мақсатов.