Биылғы оқу жылы 31 мамырда аяқталады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Спикердің айтуынша, 31 мамыр күні барлық мектептерде бекітілген кестеге сәйкес сабақ өтеді. Оқу күні сынып сағатымен аяқталады.
-2022-2023 оқу жылында 9-сыныпты 14 500-ден астам түлек, 11-сыныпты 7439- дан астам түлек бітіріп жатыр. 9-сынып оқушылары үшін қорытынды мектеп бітіру емтиханы 2 - 13 маусым аралығында, ал, 11-сынып бітірушілер үшін мемлекеттік емтихан 5 – 19 маусым аралығында болады. Сондай-ақ, оқушыларға ақша жинап, мектеп немесе мұғалімдерге сыйлық жасауға тыйым салынады. Одан бөлек, шараға ивент-агенттіктер мен аниматорларды жалдап, шақыруға болмайды. Жалпы алдағы уақытта да балабақша мен мектептерде аниматорлармен шара өткізуге жол берілмейді. Сонымен қатар, мерекелік дастархан да жайылмайды. Түлектердің автокөліктерді жалға алып, қала ішінде, табиғатқа экскурсия жасауға, қала сыртындағы сауықтыру орындарына баруына жол берілмейді, қатаң бақылауда болады. Мейрамхана, дәмхана және көңіл көтеру орындарында отырыс ұйымдастыруға болмайды, - дейді Айжақсы Тұржанова.
Сондай-ақ, брифингте Ақтау қаласы ПБ ЖПҚБ бастығы Ерлан Отаров жазғы демалыс уақытында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірнеше шаралар ұйымдастырылып жатырғанын тілге тиек етті.
-Оқу жылы аяқталып, жазғы демалыс басталуына орай балалар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жол жүру ережелері түсіндіріліп келеді. Полиция қызметкерлері бөгде, таныс емес адамдармен жақындап сөйлесудің және тыйым салынған аймақтарға суға түсудің қауіптілігі жөнінде түсіндірме жұмыстарын да жүргізуде. Сонымен қатар, мектеп бітірушілер кеші өтетін мейрамханаларда кәмелетке толмағандарды анықтап, оларға жасалған құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында ЮПБ қызметкерлері жасаққа түсетін болады, - деді Ерлан Отаров.
Сонымен қатар, брифинг барысында Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының психикалық денсаулық орталығының бөлім меңгерушісі Қорлан Елеуова ата-аналарға ескерту жасап, оқушыларды бос уақытын тиімді пайдалануға шақырды.
-Демалыс уақытында балалардың шектен тыс қыдырып, жаман жолға түсіп кетпеуі үшін ата-ана жауапты. Ата-ананың қарауынсыз қалған жасөспірім нашақорлыққа бейімделіп, ішімдікке әуес болуы мүмкін. Бала тәрбиелеу үшін ең алдымен ата-ана өзін тәрбиелеуі маңызды. Өйткені жас буын естігенін емес, көргенін жасайды. «Жаман жолға түссең ұрамын, соғамын» деген өктемдік балаға кері әсерін беруі мүмкін. Оның орнына жасөспірімге зиянды әдеттер салдары жайлы түсіндіріп, сөйлесе білу керек. Сонымен қатар, әрбір баланың іс-әрекетін бақылап, ұялы телефонын да тексеріп отырған жөн, - деді Қорлан Елеуова.