Халықаралық балаларды қорғау күнінде Ақтау қаласы ПБ қызметкерлері кішкентай бүлдіршіндерге мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында “№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы” және 17 шағын ауданда орналасқан “отбасылық үлгідегі облыстық балалар үйінің” тәрбиеленушілеріне сый-сыяпаттар табыстап, мерекемен құттықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жасөспірімдер Маңғыстау облыстық полиция департаментінің бас ғимаратында қонақта болды. Оларға полиция мұражайының тарихы, тәртіп сақшыларының қызметі таныстырылды. Балалар әрбір экспонатқа ерекше қызығушылықпен қарап, жағымды әсерлерімен бөлісті.
Танымдық экскурсиядан кейін, полиция қызметкерлерімен отбасылық үлгідегі облыстық балалар үйінің тәрбиеленуші жастары арасында эстафеталық ойындар мен қол күрес спорты бойынша сайыстар ұйымдастырылды. Жеңімпаздар мадақтау қағаздарымен марапатталды. Сонымен қатар, барлығына арнайы даярланған сыйлықтар табыстылды.
№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының балалары да полицейлер тарапынан табысталған түрлі сый-сыяпаттарға ие болып, көңілді уақыт өткізді. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбиеге баулып, уақытпен санаспай қызмет етіп жүрген тәрбиешілер де назардан тыс қылмады.
Қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігін күзететін полицейлердің арқалаған жүгі қашан да ауыр. Алайда мұндай қайырымдылық шаралары маңғыстаулық тәртіп сақшыларымен тұрақты негізде өткізіліп тұрады. Көмек қолын созып, қамқорлық таныту - ішкі істер органдары қызметкерлері үшін дәстүрлі үрдіске айналған игі істердің бірі.