Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Қарымсақ Ақарыс жарамсыз, істен шыққан батареяларды арнайы контейнерге жинап жүр. Осылайша ол "Әлем қуаты" атты жаңа жоба жасап, жердің, судың , ауаның ластануына қарсы өзіндік үлесін қосып жүр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақарыс - мектеп ішінен ашылған «Эколидер» клубының белсенді мүшесі. Мұндай жобаны қолға алудағы мақсаты - пайдаланылған батареяларды жинау арқылы адамдарға істен шыққан батареяларды сұрыптап жинауға үйрету, сол арқылы жердің судың ауаның ластануының алдын алу.
Клуб жетекшісі Бақытгүл Жақсылықованың айтуынша жарамсыз батареяларды өткізу пункті Ақтау қаласында жоқ. Қазақстан бойынша батереяларды өткізу пункті Атырау және Астана қалаларында болғандықтан контейнер мектеп қаражатына алынған. Ақарыс оқушылардың үйіндегі және мектептегі пайдаланылған батереяларды жинап, Астанадағы қайта өңдеу пунктіне жібереді.
Ақарыс өз жобасында батареялардың қоршаған ортаға зиянын дәлелдеп, олардың құрамында топырақ пен суға енетін қауіпті химиялық элементтер бар екенін көрсеткен.
«Сондай-ақ, батареяларды сұрыптамау ауаны ластайды және адамдар мен жануарлардың денсаулығына зиян тигізеді. Олар экожүйені бұзып, табиғаттағы тепе-теңдікті бұзады. Батареяларда сынап, кадмий, қорғасын және басқа да ауыр металдар сияқты улы заттар бар. Егер дұрыс тасталмаса, олар бұл зиянды заттарды бөліп, топырақ пен суды ластайды. Сонымен қатар, батареяларды өндіру процесі көп энергия мен ресурстарды қажет етеді. Мен адамдарды істен шыққан батареяларды жинауға шақырамын», - дейді Ақарыс Қарымсақ.