Ақтауда әкімдігінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ұйымдастыруымен сейсмикалық жағдайға қатысты жоспарлы жалпыоблыстық жаттығу өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоспарлы жалпыоблыстық сейсмикалық жаттығу кезінде «Баршаның назарына!» ескерту сигналы қосылды. Ғимараттағы барлық адамдар қауіпсіз аймаққа шығарылды. Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нұрлыбек Айжарықов ғимараттан шыққан адамдарға жер сілкінісі кезінде сақтау қажет қауіпсіздік шараларын түсіндірді.
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жоспарлы жалпыоблыстық сейсмикалық жаттығу қаладағы әлеуметтік нысандарда өткізілді. Сейсмикалық жаттығудың мақсаты - жер сілкінісі болған жағдайда тұрғындардың дайындығын пысықтау. Жалпы жер сілкінісі болған кезде ғимараттан шығуға және лифтті пайдалануға болмайды. Қауіпсіз жерге, яғни ғимараттың негізгі қабырғасына жақын немесе жиһаздардың қасына отыру керек. Жер сілкінісі тоқтаған уақытта жүгіріп ғимараттан шығып кетуге үлгеру қажет. Шыққан кезде ғимараттан алыс жерге барғаныңыз жөн. Себебі ғимарат құлаған уақытта үлкен көлемді алуы мүмкін. Барлық қала тұрғындарынан алдағы уақытта өтетін сейсмикалық жаттығуларға белсенді қатысуға шақырамыз, - деді Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нұрлыбек Айжарықов.