Ақтауда автомобиль жолдарындағы шұңқырларды уақытша бітеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауа райы жақсарған соң бірден шұңқырды жөндеу жұмыстары басталады. Бұл туралы Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қазіргі таңда Ақтау қаласындағы орталық автомобиль жолдарының 44 жерінде жалпы 217 шаршы метр шұңқырлы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет.
- Алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты шұңқырлы жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкіндігі болмай отыр. Себебі шұңқырлы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ауа райы тұрақты түрде, яғни бірнеше күн қатарынан +10 градустан төмен болмауы қажет. Биыл қаланың орталық автомобиль жолдарын күтіп ұстауды жүргізетін мердігер мекеме - «Компания Строй Инвест 2020» ЖШС. Аталған мердігер мекеме жасақталған келісімшарт бойынша шұңқырлы жөндеу жұмыстарын жүргізуге дайын, - дейді қалалық әкімдік.
Сонымен қатар биыл шағынауданішілік автомобиль жолдарына 50 мың шаршы метр шұңқырлы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Қазіргі таңда конкурстық іс-шаралар жүріп жатыр.
Айта кетейік, былтыр Ақтау қаласында 12 500 шаршы метр шұңқырлы жөндеу жұмыстары жүргізілген.