«Semurg Invest» компаниясына қарасты Құрық теңіз портында зәйтүн ағаштарын өсіру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба туралы компанияның бас директоры Нұржан Марабаев Маңғыстау облысына іссапармен келген Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге баяндап берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Нұржан Марабаев теңіз торлы балық өсіру шаруашылығын және зәйтүн плантацияларын дамыту жобасын ұсынды. Н. Марабаевтың айтуынша қазір бұл екі жоба да Маңғыстау облысы аумағында жүзеге асырылып жатыр.
- Тауарлы балық өсіру бастамалары лосось тұқымды балық түрін өсіруге арналған фермаларды құруға бағытталады. Жобаға сәйкес 2026 жылы 200 тонна өнім өндірілуі мүмкін. Нысанды іске қосардың алдында теңіз алабына жан-жақты зерттеулер жүргіземіз. Өткен жылы 2000 зәйтүн көшеті отырғызылды. Бұл жобаның мақсаты - Қазақстан нарығын жоғары сапалы отандық өніммен, яғни зәйтүн майымен қамтамасыз ету. Болашақта көрші мемлекеттерге зәйтүн майын эскпорттау жоспарланып отыр - деді «Semurg Invest» компаниясының бас директоры Нұржан Марабаев.