22 ақпанда премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен жиында бизнесті дамыту мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жергілікті өнім өндірушілер үшін ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортталатын азық-түлекпен бәсекеге түсуі өзекті мәселе болып отыр.
- Кәсіпкерлер маусымында Ираннан қиярды көптеп импорттайды және оларды жергілікті өнімге қарағанда екі есе арзан бағасына сатады. Мысалы, қиярдың бір килограмын 500 теңгеден сатады, ал жергілікті қиярдың бір килограмы 1000 теңгеден сатылады. Себебі Иранда құнның жартысын мемлекет субсидиялайды, мұндай әдіс бізде қарастырылмаған. Бұл тұрғындарға қиярды арзан бағамен сатып алуға мүмкіндік береді. Алайда жергілікті өнім экологиялық жағынан әлдеқайда таза, өйткені олар тасымалдау кезінде ұзақ сақталуы үшін әртүрлі тыңайтқыштармен өңделмейді, - деді «доктор Агро» ЖШС директоры Байрам Қазым.
Сонымен қатар жиында Мұнайлы ауданының тұрғыны көкөністердің бірнеше түрін өсіретін жылыжай туралы айтты. Биыл ол лаванда алқабын егуді жоспарлап отыр. Оның сөзінше, бұл туристерді тартып қана қоймай, қосымша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Десе де жылыжайда жұмыс күші тапшы.
- Біздің өңірде жұмыссыздар көп, бірақ қандай да бір себептермен олар жылыжайда жұмыс істегісі келмейді. Барлығы мұнай саласында қызмет атқарғанды жөн санайды. Жұмыспен қамту орталығына жылыжайдағы бос жұмыс орындары туралы өтінім жібереміз, бірақ ешкім ауыл шаруашылығы саласына келмейді, - деді Алмагүл Қарасаева.
Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев жергілікті атқарушы органдар сұранысқа ие және өзекті кәсіптер бойынша кадрлар даярлауға гранттар бөлетінін атап өтті. Дегенмен көптеген жас ауыл шаруашылығы мен бизнестің болашағын елемей, мұнай саласында жұмыс істегенді жөн көреді.
-Маңғыстаулық жастар көбінесе жергілікті оқу орындарында мұнай өнеркәсібі саласында білім алады. Басқа өңірге шығып, білім алу немесе қазіргі сұранысқа ие мамандықтарды игеру мүмкіндігін қарастырмайды. Мәселен, өңірде әлі күнге дейін тиісті деңгейде дамымаған салалар бар, соның бірі - ауыл шаруашылығы. Бұл саланы дамыту үшін жоғары білікті мамандар мен инновациялық шешімдер қажет. Әсіресе азық-түлік бағасының күн сайын өсуімен импортқа жоғары тәуелділік салаға сұранысты арттырады. Сондықтан ауыл шаруашылығын, атап айтқанда агроөнеркәсіп секторын белсенді дамыту және осы бағытта кадрлар даярлау маңызды, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Серік Жұманғарин Маңғыстау облысының агроөнеркәсіптік саласын дамыту үшін 2024 жылы 2,5 млрд.теңге субсидия көзделгенін және қаржы көлемі ұлғаятынын айтты.
- Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселенің бірі – өзімізді негізгі азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз ету. Зерттеу деректері бойынша қазақстандықтар тұтыну шығындарының жартысын азық-түлікке жұмсайды. Бұл шығындардың 17% – ы етке, оның ішінде тауық етіне, 8% – ы астық өнімдеріне (нан, жарма және т.б.), 5% – ы сүт өнімдеріне, 4% - ы көкөністерге, жемістер мен қантқа жұмсалады. Бұл өзімізді ауыл шаруашылығы арқылы толығымен қамтамасыз ету керек өнімдер, - деді вице-премьер өз сөзінде.
Сонымен қатар Серік Жұманғарин фермерлік жылыжай иелеріне субсидия алу мүмкіндігін айтты. Ол үшін жылыжай шаруашылықтарын ұлттық стандартқа сәйкес келтіру қажет. Бұған фермерлерге Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті көмектеседі. Сонымен қатар өңірдегі жылыжай шаруашылықтарын дамыту мүмкіндіктерін ескере отырып, Түркістанның мысалында салалық қауымдастық құруды ұсынды.
Сол күні Ақтауда «Адай жылқысы» жобасының тұсаукесері өтті.
Еске сала кетейік, 2023 жылы Адай тұқымды қазақ жылқысы жаңа ұлттық бренд ретінде патент алған болатын.