Маңғыстауда «Жеті лақ» фермасы 2020 жылдан бері жұмыс істейді. Ал былтыр кәсіпкерлер тұңғыш рет «Mondial du fromage-2023» байқауына қатысып, халықаралық ірімшік жасаушылар гильдиясына қабылданды. Биыл кәсіпкерлер Маңғыстау өңірінде көктем мезгілінде халықаралық ірімшік байқауын ұйымдастыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Александра Григолова мен Никита Кобзев Франциядағы «Mondial du fromage-2023» халықаралық ірімшік және сүт өнімдері байқауында күміс және қола жүлдеге ие болған. Балқаймақтың негізінде түйе сүтінен дайындалған ірімшік шетелдіктердің ерекше қызығушылығын тудырған.
- Бізді халықаралық ірімшік жасаушылар гильдиясына салтанатты түрде қабылдады. Бұл ірімшік әлемінің элитасының легінде. Франциядан кейін Норвегиядағы «World Cheese Award» конкурсында халықаралық төреші болдық. Енді көктемнің соңында Маңғыстауда халықаралық ірімшік байқауын өткіземіз. Қазылар алқасының құрамына Франция, Нидерланды, Италия, Ұлыбритания, Ресей, Қазақстаннан сүт саласының үздік мамандары шақырылды.Біз өндіретін ірімшіктерді бағаласа деген ниет бар. Біз Қазақстанды Орталық Азия алабындағы ірімшік астанасына айналдыру- басты мақсатымыз,- деді Александра Григолова.
Бүгінде ерлі-зайыптылардың фермасында 90 ешкі бар. Оларды арнайы диетаға сәйкес жемдейді. Ешкілер Қазақстанның түкпір-түкпірінен және Ресейден сатып алынады. Ал азығы Ақтөбе қаласынан әкелінеді. Кәсіпкерлер ешкінің сүтін сауар алдында шөпті қайнаған суға батырып, жемдейтінін айтты.
- Өңірімізде біздің ешкілерге сұраныс жоғары. Өйткені жергілікті халық біз таза жем-шөппен малды баптайтынымызды жақсы біледі. Алайда үлкен ешкілерді сатпаймыз, ал лақтарды сатып алуға кезек өте үлкен, - дейді Никита.
Никита Кобзев қазір адамдар табиғи өнімнің пайдасын түсінетінін, зор қызығушылық танытатынын айтып өтті.
- «Бір ауыл - бір өнім» жобасы аясында жолдасым екеуміз тренингтер ұйымдастырудамыз. Александра ешкі сүтінен ірімшіктің 12 түрін, йогурт және ашытылған сүт өнімдерін дайындауды өзге кәсіпкерлерге үйретеді. Ал мен ешкіні өсіріп-баптау, жемдеу жолдарын үйретемін,-дейді Никита Кобзев.