Атырауда жергілікті блогер кәсіпкерден 2 млн теңге бопсалап, сот ғимаратындағы қызметтік бөлмеде ілулі тұрған киімнің қалтасынан ақша ұрлаған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Kazinform-ге сілтеме жасап.
Қазір күдікке ілінген блогер қамауға алынды. Ол Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Атырау қалалық полиция басқармасының қызметкерлері 26 жастағы блогерді ұстады. Блогер жеке кәсіпкердің қызметін бейнежазбаға түсіріп, ақша берсең әлеуметтік желіге жүктемеймін және құзырлы органдарға хабарламаймын деп, одан 2 млн теңге бопсалаған. Күдікті ақпан айы басталғалы кәсіпкердің иелігіндегі азық-түлік сататын маркеттің қызметін бірнеше мәрте бейнежазбаға түсірген, тауар салынған сөрелерін ақтарып, шу шығарған. Тегін азық-түлік алу үшін 47 мың теңгені құрайтын тауардың ақысын төлемей кеткен. Блогердің сот ғимаратының қызметтік бөлмесіндегі киім қалтасынан 20 мың теңге ұрлағаны анықталды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір күдіктіге қатысты ұрлық және бопсалау дерегімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
«Күдіктінің өзге де қылмысқа қатысын тексеру басталды. Осыған байланысты қандай да бір ақпаратты білетіндер мен куә болғандардың 102 арнасына хабарласуын сұраймыз», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.