Биылғы жылдың 1 наурызынан бастап Маңғыстау облысында өңірлік кадрлық резервке іріктеу басталады.
Аталған жоба жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыруға және өңірлерді дамытуға талантты жастарды тартуға бағытталған. Іріктеу облыс әкімдігінде құрылған Маңғыстау облысының Кадр комиссиясымен жүзеге асырылады. Осылайша, резервке Маңғыстау облысы бойынша іріктеу нәтижесімен 20 азамат қабылданады деп жоспарлануда.
Осыған дейін өткізіліп келе жатырған мемлекеттік қызметке іріктеу конкурс нәтижелерін, сондай-ақ өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды және мемлекеттік басқару жүйесін дамыту басымдықтарын ескере отырып, облыс әкімдігімен келесі салалық бағыттар белгіленді:
1) индустрия және өнеркәсіп;
2) экономика және қаржы;
3) әлеуметтік сала;
4) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым;
5) агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары;
6) цифрландыру;
7) экология.
Іріктеуге 35 жастан аспаған жоғары білімі және 3 жыл еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.
Резервке іріктеу бірқатар кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде қатысуға ниет білдірген жастар onir.pkrezerv.gov.kz сайтында жеке басын куәландыратын, білімі туралы және еңбек өтілін растайтын құжаттардың көшірмелерін жүктеу арқылы жеке кабинетін қалыптастырады. Жеке кабинетте барлық құжаттар топтамасын ұсынып тіркелгеннен кейін үміткер өңірді және салалық бағытты таңдайды.
Айта кетерлігі, үміткерлер өзі тұратын өңірден басқа өңірдің резервіне қабылдану үшін құжаттарды тапсыру барысында сол таңдаған өңірді көрсетеді.
Екінші кезеңде қатысушылар заңнаманы білуге және жеке қасиеттерін бағалауға тестілеуден өтеді. Тестілеу бағдарламасы Қазақстан Республикасы Конституциясының, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңдарының және мемлекеттік қызметшілердің әдеп жөніндегі кодексінің талаптары бойынша сұрақтарды қамтиды.
Кейінгі кезеңде үміткерлер Астана қаласында Мемлекеттік басқару академиясының базасында құзыреттерді бағалаудан өтеді.
Бұл кезең кандидаттардың мінез-құлық индикаторларының жиынтығы арқылы белгілі бір құзыреттерді (белсенділік, қызметті басқару, мәселелерді талдау және шешу, көшбасшылық, сенімділік) анықтауға әрі бағалауға бағытталған топтық және жеке жаттығуларды қамтиды. Кандидаттардың мінез-құлқын сертификатталған сарапшы-бағалаушылар бақылайды.
Өткен кезеңдердің нәтижелері бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген қатысушылар облыстық кадр комиссиясының мүшелеріне өздері таңдаған салалық бағыттар бойынша жобалық жұмыстарын қорғайтын болады. Жобаларды презентациялау барысында кандидат өзі ұсынған идеяның мәні мен мақсаттарын, оны іске асыру кезеңдерін, ықтимал проблемаларды, күтілетін нәтижелерді көрсетеді.
Сұхбат барысының ашықтылығы мен әділдігі қоғамдық бірлестіктер, ҮЕҰ, БАҚ, бизнес-қоғамдастықтардың өкілдерін және салалық сарапшыларын тарту арқылы қамтамасыз етіледі.
Ақтық кезеңде барлық кезеңдердің қорытындыларын саралай отырып, облыс әкімдігі жанындағы кадр комиссиясының шешімімен жоғары нәтижелерге қол жеткізген жастар Маңғыстау облысының өңірлік кадр резервіне екі жыл мерзімге енеді.
Өңірлік кадр резерві жобасы өңірлердегі жастарды қолдауға бағытталған. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес облыстың жергілікті атқарушы органдардың «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналасу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметке жаңашыл, бастамашыл жастардың келуіне өз септігін тигізеді.
Барлық сұрақтар бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасына 8/7292/30-36-43, 30-36-44 телефондары арқылы хабарласып, кеңес алуға болады. Мекенжайымыз: Ақтау қаласы, 14 шағын аудан, 14/1 Б-2 (облыстық мәслихат) ғимараты, бірінші қабат, 105 кабинет (instagram парақшасы - @mangystau.onir.rezerv.kz).
Тоқтамыс Қадошұлы Жұмағұлов,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы