Былтыр жаз маусымында Ақтау еліміз бойынша шетелдік жиһанкездер мен саяхаттаушылар арасында ең танымал туристік бағытқа айналған болатын, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Курортты маусым жанданған тұста Ақтауға арнайы туристік бағыттағы чартерлік рейс қатынай бастады. Бұл өңір тарихында бұрын-соңды болмаған еді.
Сондай-ақ Ақтау мен шет елдер арасындағы тұрақты рейстер саны да артты.
Каспий теңізі жағалауындағы демалыс орындары мен курорттық кешендер туристер тарапынан жоғары сұранысқа ие. Әдетте көпшілік қонақүйлік-жағажайлық демалысты "all inclusive" жүйесі үшін таңдайды. Сондай-ақ, шетелдік туристерді қызмет көрсету деңгейі сапалы әрі жоғары қонақ үйлер, демалыс аймақтары, аквапарктер мен ойын-сауық орталықтары қызықтырары сөзсіз.
Мәселен, туроператорлардың бірі Instagram желісіндегі ресми парақшасында мынадай пікірін жариялады: "Өткен жылы бізге және біздің туристерге Қазақстандағы демалыстың ұнағаны соншалық, келер жылы да қызықты демалыстан қалыс қалмауға шешім қабылдадық!».
Қазірдің өзінде Ақтау халықаралық әуежайы чартерлік рейстерді аптасына жеті ретке дейін арттыру туралы келіссөздерді бастады.
Биылғы жазғы маусымда Ақтау шаһары туристердің ірі легін қабылдауға әзір. Бұл қадам өңірде туризмнің өрістеуіне, қызмет көрсету саласының сапасын арттыруға септесері сөзсіз.