Шара Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 34 жыл толуына арналды. Дәстүр бойынша бұл датаны интернационалист-жауынгерлер 15 ақпанда атап өтеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Шараға әскери бөлімнің ардагерлері, жауынгерлер қатысты. Олар естеліктерімен бөлісіп, әскери қызметшілердің сұрақтарына жауап берді.
Сондай-ақ жиын барысында 6656 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары майор Асқар Мауғазин аға ұрпақтың ерлік дәстүрін атап өтіп, ел тыныштығын тіледі.
Ауған соғысының ардагерлері жас сарбаздармен бірге қаза болған замандастарын бір минут үнсіздікпен еске алды.
– Өткен ғасырдың сексенінші жылдары болған Ауғанстандағы соғыстың аяқталғанына биыл 34 жыл. Бұл соғысты ТМД елдеріндегі мыңдаған ұлттар сезінді. Бүгін біз бұл шараны сарбаздарымызға азаматтық борышын өтей білу керектігін ұғындыру үшін ұйымдастырдық, – дейді оқу бөлімінің бастығы, майор Аслан Нұрғазиев.
Шара барысында осы соғыс тарихы туралы фильм көрсетілді. Шараға №7 мектеп оқушылары да қатысты.