Маңғыстау облыстық туризм басқармасының басшысы Мәулен Ғабдулқалиев туризм саласын дамыту мақсатында кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан бірнеше бағытта қолдау көрсетілетіндігін мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Оның айтуынша, бірінші бағдарлама аясында туристік операторлардың шығындары субсидияланады. Яғни, туроператорларға әр шетелдік турист үшін 15 000 теңге төленеді.
Субсидияның бұл түрін алу үшін шетел азаматары кез-келген қазақстандық туроператорға өтінім жолдауы қажет. Өтінімді алғаннан кейін, туристік операторлар шетел азаматына арнайы туристік пакет дайындайды. Бірақ туристік бағдарламаны ұйымдастырудың өз талаптары бар.
-Атап айтқанда, шетел азаматы саяхаттап келген жеріне 3-4 күн қонып, кем дегенде елді-мекеннің 3 көрікті жерімен танысуы керек. Туроператорлар шетелдік туристі «Е-Qonaq» қосымшасы арқылы тіркейді. Сондай-ақ, шетел азаматының әуе билеті мен толық құжаттарын ҚР мәдениет және спорт министрлігіне бір жыл ішінде жолдай алады. Құжаттар талаптапға сәйкес келгенде, қаржы туроператордың есеп шотына 40 күн ішінде түседі, - деді Мәулен Ғабдулқалиев.
Мемлекеттен қолдау алған компаниялардың бірі - «Турист» ЖШС. Компания директоры Евгения Слюсарева 32 жылдан бері шетелдік азаматтармен жұмыс істеп келеді. Оның айтуынша, бұл бағдарламаның туроператорлар үшін маңызы зор.
-2022 жылы өңірге біздің компания арқылы 7 топ, яғни 120 шетелдік турист келді. Мен бағдарламаға алғашқы рет қатысып көрдім. Өкінішке орай, 120 шетелдіктің арасынан 20 шетелдікке ғана субсидия ала алдым. Өйткені, 20 туристің ғана әуе билетін сақталыпты. Құжаттар толық болмаған жағдайда субсидия берілмейді. Келесі жолы, осыны міндетті түрде есепке аламын, - деді Евгения Слюсарева.