Маңғыстауда туризм саласын дамыту бағдарламасы аясында туристік қызмет нысандары құрылысы шығындарының 10 пайызын жергілікті атқарушы орган өтейді. Қолдаудың бұл түрін алу үшін кәсіпкер өтінімнің қағаз немесе электрондық нұсқасын tourism@mangystau.gov.kz поштасы арқылы Маңғыстау облыстық туризм басқармасына жолдайды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Басқарма екі-он жұмыс күн ішінде өтінімдерді қарайды. Жергілікті атқарушы орган бюджеттік өтінімді күнтізбелік жылдың 30 наурызына дейін қабылдап, Мәдениет және спорт министрлігіне жібереді. Мемлекеттен қаржыландыру жүзеге асырылғаннан кейін, қаржы 15 жұмыс күн ішінде кәсіпкердің екінші деңгейлі банктегі шотына түседі.
Сондай-ақ өңірлік туризмді дамыту бағдарламасы аясында жергілікті атқарушы органдар жол бойындағы белдеуде орналасқан ғимараттар құрылысы шығынының 10%-ына қолдау көрсетеді. Мысалы, кәсіпкер Ақтау-Бейнеу, Ақтау-Жаңаөзен бағытындағы жол бойына қонақ үй, кемпингтер, техникалық қызмет көрсету станцияларын салатын болса, мемлекеттен субсидия ала алады.
Толық ақпарат алу үшін tourism_mangystau инстаграм-парақшасына тіркелу немесе 420308 байланыс нөміріне хабарласу қажет.