Ақтау іргесінде орналасқан Басқұдық ауылының халқы аммиак иісімен алысып келеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
"Жылдар бойы, күн өткен сайын улы түтін мен будан сорымыз қайнап келеді. Аурулар саны да артуда. Бұл мәселе - улы қалдықтар құйылатын арнаның салдары",-деп баяндайды басқұдықтықтар.
Кеңес Одағы тұсында салынған каналға 4 кәсіпорын қалдығы төгілген. Қазір ол жеке меншік иелігінде, ал жер асты суларын тасымалдау қызметін "ҚазАзот"минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыт жүргізеді. Санитарлық қағидаға сәйкес арық жиегінен бір шақырым қашықтықта тұрғын үй құрылысына тыйым салынады. Бірақ, бүгінде бұл аумақта жеке тұрғын үй құрылысына рұқсат етілген, сондықтан 50 метрлік қашықтықта үй-жайлар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап келеді.
- Басқұдық халқына аса үлкен қатер төніп тұр, ғаламтордан аммиакпен уланудың салдарын көріңіздер. Менің күйеуім тұншығып түнде көз ілмейді. Өзімнің демікпем бар, енді балалар ауыра бастайды. Балалардың ауруын дәлелдеп көр. Жергілікті емханада аллерголог-мамандар жоқ. Жеке дәрігер көмегіне жүгіну мүмкіндігіміз жоқ. Бүкіл отбасымызбен тексерілу керек, отбасымызда 10 адамбыз, оның 8-і бала, дәрігердің бір қабылдауы 7 мың теңгеден есептегенде, бұл қаншама шығын? - дейді ауыл тұрғыны Гүлмира Истлеуова.
Басқұдық ауылының тұрғындары жылына бірнеше мәрте улы шығарындылар мәселесін көтереді. Экологтар жауапты кәсіпорындарға айыппұл салумен шектеледі, іс осылайша аяқталады.
"ҚазАзот" өкілдері өзекті мәселенің оң шешімін тапқанын, ендігі кезекте ағын су жабық күйде ағатынын жеткізді.
- Қазір біз кәсіпорын есебінен құбыр тартуды қойдық. Ал жер асты сулары жабық әдіспен тікелей Қошқар атаға құйылады. Иіс те жойылады. Сондай - ақ, Қошқар атаға құйылатын жер асты суларын кәдеге жарату мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз, - деді "ҚазАзот" АҚ бас директоры Арман Мәулешев.
Өкінішке орай, "ҚазАзот" зауытының минералды тыңайтқыштарды қалдықсыз өндіру жоспарына қарамастан, ауылдағы экологиялық ахуалдың өзгеруіне кепілдік беру мүмкін емес. Себебі арық иесі оны басқа кәсіпорынға жалға бере салуы да ықтимал екендігін естен шығармауға тиіспіз.