Ақтау қаласының әкімі Ербол Ізбергенов қаланың 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған “Үздік логотип” байқауының жеңімпазын марапаттады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Үздік логотип авторы - Лиана Виниченко. Оның жұмысын дауыс берушілердің 69%-ы таңдаған. Логотипте теңіз пен шағала бейнеленген. Лиананың айтуынша, Каспий теңізі мен шағалалар Ақтау қаласын толық сипаттайды.
Марапаттау кезінде Лиана Виниченкоға 250.000 теңгенің сертификаты табысталды.
Қала әкімі жеңімпазды құттықтап, мерейтойды тойлауға белсенді үлес қосып жүргеніне алғыс білдірді.
“Бұл логотип туған күнге жоспарланған барлық мерекелерде, іс-шараларда 60 жылдықтың символы ретінде пайдаланылады. Бір арнада Ақтаудың ерекшеліктері мен 60 жылдықты тоғыстырып, креативті жұмыс ұсынғаныңызға рахмет. Жеңімпазды таңдау осы жолы халықтың қатысуымен өтті. Құттықтаймын!”, деді ол.
Айта кетейік, байқау 9 қаңтар күні жарияланды. Оған 54 үміткер өз жұмысын ұсынып, оның 3 үлгісі финалға өткен еді. Әрі қарай халық таңдауына жіберілді.