Ақтау қаласының әкімдігі мен кәсіпкерлер өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Оның аясында халықтың әлеуметтік осал топтары арасындағы ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Облыс орталығының төрт ірі кәсіпорыны мен жетекші сауда базарларымен меморандумға қол қойылды. Құжат көп балалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне көмек көрсетуге бағытталған.
-Меморандумға сәйкес, жеке кәсіпкерлерге 3 айға фастфуд және басқа да тауар түрлерін сатуға арналған коммерциялық жабдықтарды орналастыруға орын тегін беріледі. Бұл шынымен жұмыс істеймін деушілерге жақсы мүмкіндік, – деді қала әкімі Ербол Ізбергенов.
Орындар мен аумақтарды таңдау кәсіпкерлермен бірлесіп жүзеге асырады. Сауда алаңын тегін пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін кәсіпкер аумағында коммерциялық жабдықты орналастыру құқығы үшін одан әрі төлем жасау туралы шарт жасай алады.