1 мамыр – Қазақстан халқының достық мерекесіне орай Ақтаудағы
6656 әскери бөліміндегі мына қызықты оқиғаны жариялауды жөн көрдік. Аталған әскери бөлімде түрлі ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүріп, қызметін атқаруда. Тыныштық сақшысы мен татулық мекеніне арналған әскери бөлімнің асханасына бірнеше жылдан бері қарлығаш ұя салады.
Төменде осы бөлімнің аға лейтенанты, украин ұлтының өкілі Николай Лащенконың осы жөніндегі арнайы жазған мақаласын ұсындық.
Қарлығаш қазақ халқының экософиялық сенімінде – адалдықтың, достықтың, тыныштық пен мамыражай бейбіт өмірдің, молшылық пен бақытты өмірдің символы. Қазақ дәстүрі мен діни хисса-дастандарында да қарлығаш қасиетті саналып, адамның айнымас досы, жәрдемшісі ретінде сипатталады.
Жыл құсы қарлығаш ерте көктеммен жылы жақтан туған мекеніне қайта ұшып келеді. Ескі ұясын қайта жаңартып, жұптасады. Жұмыртқа басып, жаз бойы жұмыртқадан шыққан балапанын қанаттандырып, ұядан ұшырады. Сол қарлығаш биыл көктем шыға біздің 6656 әскери бөліміне жылы жақтан ұшып келді. Әскери бөлім ғимаратының шатырының астына салып кеткен ескі ұясын бір тынбастан қайта түзеп шықты. Енді міне, мамыражай мамыр келіп қарлығаштар жұптасып ұшып жүр. Бұл құс жалпы тыныштықты сүйеді. Ұясын адамдарға жақын жерге, сулы мекенге салады. Қарлығаштың құстан жауы жоқ. Бәрімен қатар араласып, тату тіршілік етеді. Бұл құстың біздің әскери бөлімге ұясын салудың өзінің бір мәнісі бар шығар. Өйткені, 6656 әскери бөлімі – тыныштықтың сақшысы, татулықтың мекені. Бұл әскери бөлімде бірнеше ұлт өкілі бір жауынгерлік ту астында, бір мақсат пен мүдде аясында тату-тәтті, ынтымақтастықпен жемісті қызмет етіп жатыр. Мұнда қазақ ұлтынан басқа орыс, өзбек, украин, түрік, шешен, ұйғыр, тәжік, кәріс, әзірбайжан, неміс, қырғыз, дүнген, татар ұлттарының ұлдары жауынгерлік қызмет атқарып жүр. Бұл ұлт өкілдері тәуелсіз Қазақстанымыздың шаңырағына жалғанған уық іспеттес. Кең байтақ өлкеміздің, қасиетті Отанымыздың шаңырағын биік, әрі берік ұстап тұр. Егер сол уықтардың біреуі сынар болса, көтерілген шаңырақ қисайып, не құлап түседі. Еліміздегі ұлттардың достығы жарасқан, бірлігі бекем болуы – Мәңгілік еліміздің мәңгілік мұраты. Біздің әскери бөлімнің де басты мақсаты сол мәңгілік елдің тыныштығын күзетіп, тұғырын құлатпау.
Мен, Лащенко Николай Валерьевич украин ұлтының өкілімін. Әскери бөлімде кинология қызметінің бастығы болып қызмет атқарамын. Туған жерім – Ақтөбе облысы Мартық ауылы. Біздің ауыл қазақы дәстүрге бай, өсіп - өнген өңір. Содан болар бүгінгі атқарып жүрген қызметімде де қазақша еркін сөйлеймін. Әскери бөлімде бірнеше ұлт өкілі қызмет етіп жүргенмен, мұнда жалғыз ғана – қазақстандықтар деген ұлт бар. Қай ұлттың өкілі болсақ та сол қазақстандық деген абыройлы атаудың қадір - қасиетін білгеніміз жөн. Бұл дегеніміз өз ұлтыңнан жирену немесе тіл, салт - дәстүрін ұмыту деген сөз емес. Қайта өз ұлтыңмен мақтанып, оның салт - дәстүрі мен тілін сақтап, ортақ шаңырағымыз Қазақстанымыздың дамып, өркендеуіне өз ұлтымыздың барлық бай мәдени құндылығымен үлес қосу. Отбасы құрып, ұлы Отанымызға қызмет етер өнегелі ұрпақ, бала тәрбиелеу. Сол ұрпақтарымыздың бақытты да баянды ғұмыр кешуі үшін ортақ мүддесі, бір болашақ, ортақ тілі болуы керек. Ол әрине қазақ тілі мен мәңгілік ел мұраты. Бәріміз бір - бірімізді түсіне білсек, ортақ тіл, бір ұлт болсақ, достығымыз бен бірлігіміз жарасса – онда бізден бақытты, бізден қуатты, бізден абыройлы халық болмайды.
Менің өмірім – құс қанат ғұмыр. Әскери бөлім көгінде ұшып жүрген қарлығаштар сияқты. Мен үшін Ақтау мен 6656 әскери бөлімі дүниедегі ең ыстық, жүрекке жақын жылы мекен. Ал туған жерім Ақтөбе мен Мартық ауылы менің өсіп - өнген өңірім. Әр жыл сайын көктемде еңбек демалысына шығамын. Сөйтем де туған мекенге жол тартамын. Ағайын - туыс, көрші - қолаңның жағдайын біліп, өзім тұрып, ержеткен үйіме барып, топырағына аунап, иіскеп, тәу етіп қайтамын. Бір уыс топырағын ақ шүберекке байлаймын да тұмар етіп байлаймын да жұлдыздай ағып ең ыстық мекеніме, ең сүйікті қызметіме, Ақтауға, әскери бөлімге қайта келемін. Осылай туған мекенге барып жүрген кезімде, осыдан бірнеше жыл бұрын жан - жарымды жолықтырдым. Оған үйленіп, бүгінде үш балапанымды тәрбиелеп, қанаттандырып отырмын. Шатырда балапанын қанаттандырып жатқан қарлығаштардың да үйімде балаларымды тәрбиелеп отырған менің де басты арманымыз тыныштық болса керек. Әлемде де, елімізде де атылған оқтың дауысы естілмесе екен. Қарлығаштардың ұясы бұзылмаса, отбасылардың шаңырақтары шайқалмаса екен. Балапандарымыз, ұл - қыздарымыз аман болса екен. Атамекеніміз – тәуелсіз Қазақстанымыз аман болса екен. Сол Қазақстанымыздың мамыражай бейбітсүйер халқы, ұлттары мен ұлыстары «қарлығаштың құстан жауы жоқ» секілді бір - бірімен араздаспай, бақытты, баянды, достық пейілмен ғұмыр кешсе екен деймін.
Біздің әскери бөлімдегі жауынгерлік қызмет – «қарлығаштардың өртке қанатымен су сепкеніндей» ақ адал ниеттен құралған. Қай жерде араздық өрті, қастандық өрті тұтанса сол жерге барып, тыныштық суын төгіп, бейбітшілік ұранын көтереміз. Нұрдан жаратылған қалқанымызбен қорған боламыз. Қараниеттілерді қара таяқпен ұрғылап, аластаймыз. Біздің әрбір атқарған қызметіміз – Отанға шексіз берілген жүрегімізбен, халқымызға берген адал антымызбен жасалады. Сондағы бізді қорғайтын туған елдің сенімі мен мойынға тағып алған ақ тұмар – ақ шүберекке оралған қасиетті қара топырақ.
Қазақстанда тұрып жатқан ұлттардың бәрінің табынары да сол ортақ жер Қазақстанның қасиет қонған топырағы болса керек. Сол топырақта өсіп - өніп жатырмыз. Біздің ұрпақтарымыз да сол топырақта бақытты күн кешсе керек. Бәріміздің жүрекжарды тілегіміз осы болмақ. Сол бақытты болашағымыз үшін қандай ұлт болсақ та, қандай қызмет атқарсақ та қарлығаштыкіндей достық пейілде болу керек. Әскери бөлім төбесінде ұшқан қарлығаштар біздің Ұлттық ұлан әскерилеріне осыны меңзеп жүрсе керек. Біздің де мақсатымыз халыққа қорған, жәрдемші болу.
Біздің де қалауымыз тыныштық.
Сол тыныштығымыздан барлығымызды айырмағай!
аға лейтенант Лащенко Н.В.