Ақтауда қалалық соттың шешімі бойынша 4«А» шағынауданындағы заңсыз құрылысты бұзу(демонтаждау) жұмыстары басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2022 жылғы 22 қарашада су қорғау аймақтарын пайдалануды тексеру кезінде жағалаудағы желкенді спорт БЖСМ рұқсатсыз 76 метрлік белдеуде айлақ салғаны анықталды.
-2022 жылдың қараша айында Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы 4 шағынауданда орналасқан желкенді спорт мектебіне жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру барысында құрылыс жұмыстары қандай да бір рұқсат құжатынсыз жүргізілгені, сондай-ақ бұл жұмыстар оған тиесілі емес жер учаскесінде жүргізілгені анықталды. Осы фактілер негізінде ӘҚБтК-нің 316, 321, 460-баптарына сәйкес тиісті әкімшілік хаттама толтырылды. 2023 жылдың 20 сәуірінде сот шешімімен ол заңды күшіне енді. Бүгін сот шешімі орындалып жатыр, - деді Маңғыстау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Дәурен Өтепқали.
Меншік иесі жіберілген заңбұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
-Қазіргі уақытта Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы мен Ақтау қаласының әкімдігі теңіз жағасында 4«А» шағынауданында орналасқан кемелердің заңсыз айлағын бұзу жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстар тиісті сот шешіміне сәйкес жүргізіледі. Бұл жер қаланың қоғамдық орны болып саналады. Бұл айлақты бұзу қалада заңсыз салынған барлық нысандардың түбінде бұзылатынының дәлелі болып табылады, - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Имаммахмут Шагирбаев.
Қазіргі уақытта аталған аумақта 10 техника жұмыс істеп жатыр. Демонтаж жұмыстары 10 күн ішінде жүзеге асырылады.