Ақтаудағы теңіз жағасында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 6656 әскери бөлімінің әскери оркестрі концерт қойды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтау қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізілген мәдени шара Маңғыстау облысының 50 және қаланың 60 жылдығы аясында арнайы ұйымдастырылған. Мақсаты жас ұрпақтың бойында патриотизм сезімін қалыптастыру, отансүйгіштікке шақыру.
Іс-шара барысында әскери оркестр «Мәншүк», «Айналайын», «Анашым», «Батырлар ұраны», «Жаса Қазақстан», «Абылай», «Қараңғы түнде тау қалғып»,
«Go down Moses», «Kaz hit mix», «Istanbul», «Pirates of the Caribbean» сынды шығармалар орындады.
-Теңіз жағасындағы концерт қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін қойылады. Әрі ҚР Ұлттық ұланның имиджін көтеріп, әскери оркестердің шығармашылығын жұртшылыққа паш еткізгіміз келеді. Осылайша жастардың әскери өмірге қызығушылығын арттырамыз,- деді 6656 әскери бөлімі әскери оркестрінің дирижері Самат Баяубаев.
Концертті тамашалаған тұрғындар да ризашалық танытып, алғыс білдірді.
- Бүгін ерекше шығармалар орындалды. Әскери оркестрдің репертуарында патриоттық сезімді оятатын жақсы әндер бар екен. Өте керемет. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз,- деді Ақтау қаласының тұрғыны Жансая Жанұзаққызы.
Әскери оркестр мүшелерінің айтуынша, теңіз жағасындағы келесі концерт шілде айының аяғында ұйымдастырылмақ.