Ақтауда қала әкімдігі мен қалалық прокуратураның ұйымдастыруымен білім беру ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлық пен кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жиын өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала әкімінің орынбасары Нұртас Салидың төрағалығымен өткен жиынға Ақтау қаласы прокурорының орынбасары Берік Ходжаев, Маңғыстау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Біржан Хайруллин, қалалық жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Нұрлан Рахаев, Ақтау қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Тоты Күлметенова мен білім беру ұйымдарының, колледж, мектеп, балабақша директорлары қатысты.
Жиында Маңғыстау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Біржан Хайруллин мектептерге жалған дипломмен орналасу, артық сағат қойып жалақы алу дерегі жайлы айтып ұйым басшыларына осындай олқылықтардан сақтану керектігін жеткізді. Ал қалалық прокуратура өкілдері кәмелетке толмаған балалармен жүргізілген тәрбиелік іс-шаралар бойынша «Прокурор тәрбиесі» пилоттық жобасы аясында жасалатын жұмыстарға тоқталды.
-Былтыр барлық мектептерде «Прокурор тәрбиесі» пилоттық жобасы іске қосылды. Жоба мектеп оқушыларын үш санатқа бөліп, әр санаттағы балалармен қажетті деңгейде жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Жобаның берері мол. Осы орайда, қала әкімдігі, полиция және прокуратура арасында «Прокурор тәрбиесі» пилоттық жобасы аясындағы жұмыс үш жақты меморандуммен бекітілді, - деді Ақтау қалалық прокуратурасының бөлім басшысы Бақдәулет Ахмедов.
Сонымен қатар, прокуратура өкілдері мүдделі органдардың өкілдерінен тұратын мобильдік топтарды құру қажеттігін жеткізді. Мобильдік топтың басты мақсаты – тәрбиелеу міндеттерін орындамаған ата-аналарды және қиын өмірлік жағдайдағы отбасында тәрбиеленіп отырған балаларды анықтап оларға көмек көрсету.
Жиында Ақтау қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Тоты Күлметенова оқушылар арасындағы құқықтық сауаттылық бойынша мектептерде жүргізіліп жатқан тәрбиелік іс-шаралар жайлы айтты.
-Қаладағы білім беру ұйымдарында ведомствоаралық жоспар жасақталып, жоспар аясында тиісті шаралар өз деңгейінде жүруде. Шаралардың көпшілігі қалалық прокуратура мен ювиналдық полиция және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен бірлесіп ұйымдастырылуда. Аталған өкілдермен бірлесіп, тұрақты түрде балалармен кездесулер, әңгімелесулер жүргізілуде. Бірлескен іс-шаралар шеңберінде қала мектептерінде 2023-2024 оқу жылы басталғалы құқықтық сауаттылық туралы жалпы 356 іс-шара өткізілді, - деді Тоты Күлметенова.
Жиын соңында қала әкімінің орынбасары Нұртас Сали білім бөліміне «Жұмыс тобын» құрып тиісті жұмыстарды ұйымдастыруды және білім беру ұйымдарының басшыларына мектеп оқушыларымен жүргізілетін тәрбиелік жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
-Тәрбие – тал бесіктен басталады. Ұрпақтың тәрбиелі болып қалыптасуына отбасы мен мектептің тигізер әсері мол. Сондықтан мектептерде балалармен жүргізілетін тәрбиелік жұмыстарды жандандыру қажет. Бұл жұмыстар қалалық прокуратура, полиция өкілдері және мектеп ұстаздарымен бірлесіп жасалуы керек, - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали.