Маңғыстау облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде Ақтау қаласының "Кораблик" бизнес орталығының артындағы автожолда "Toyota Camry" маркалы автокөлігін тоқтатып, бопсалау фактісіне күдікті 26 жастағы жүргізушісі мен 27 жастағы оның жолаушысын ұстады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жәбірленушінің айтуынша, бір топ адамдар оны бірнеше рет ұрлап, ұрып-соғып, атыс қаруын қолданамын деп қорқытып, 500 мың теңге талап еткен. Сондай-ақ жәбірленушіге тиесілі автокөлікті алып кеткен.
Полицейлер автокөлікті тінту барысында патрондары бар "ПМ" маркалы жауынгерлік тапаншаны тауып, тәркілеп алды. Күдіктілердің уақытша тұрғылықты жерін тінту барысында бірінің пәтерінде бірнеше жауынгерлік және травматикалық оқ-дәрілер табылды.
Басқа екі мекенжай бойынша тінту кезінде 25, 26 және 28 жастағы бопсалау дерегіне күдіктілер анықталды. Олардың тұрғылықты жерінен полицейлер тағы бір тапанша, екі мылтық және оларға оқ-дәрілердің едәуір санын тауып, тәркіледі.
Мекенжайлардың бірінен "Опель вектра" маркалы автокөлік табылды. Оны ұсталғандар жәбірленушіден күшпен тартып алғаны белгілі болды.
Бопсалау және қаруды сақтау деректері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер өз әрекеттерін мойындады. Қазіргі уақытта барлық жағдайларды анықтауға бағытталған қажетті жедел-тергеу іс-шараларының кешені жүргізілуде.