Қ.Сыдиықұлы атындағы Маңғыстау облыстық кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі қаламгер, ақын Темір Мыңжастың 70 жасқа толуына орай «Өмірін жырмен тербеткен» кездесу кеші өтті, деп хабарлайды mangystaumеdia.kz.
"Құрметті, Темір Мыңжасұлы! Мерейлі 70 жасыңыз құтты болсын! Сіз Маңғыстау өлкесінің әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениетінің өрістеуіне сүбелі үлес қостыңыз. Сізді үлгі тұтар ізбасар шәкірттеріңіздің легі толыға бергей! Қарымды қаламгер, тәжірибелі журналист ретінде бұдан кейін де шығармашылықпен риясыз айналысып, керемет әдеби туындалардың жарық көруіне себепкер боларыңызға сенімдімін",-деген Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиев ақынға сый-құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты.
Бұдан бөлек ақын шығармашылығы, өлең өрнектері жөнінде Есберген Іңірбаев, Отыншы Көшбайұлы, Сабыр Адай сынды өңірге танымал жазбагер қауым өкілдері, журналист-әріптестері мен өзге де ел ағалары өрелі әңгіме өрбітіп, көшелі пікірін білдірді.
Тағылымды кездесу барысында өскелең өрендер ақын өлеңдерін мәнерлеп оқылды. Мерейжас иесі «Кітапханаға кітап сыйлайық» акциясы аясында кітапхана қорына жуырда жарық көрген жаңа жинақтарын табыстады.