Ақтау қаласында полиция басқармасымен қоғамдық тәртіпті және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар жұмыс атқарылуда. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Ақтау қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Асыл Бөлекбаев мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Спикердің айтуынша, Ақтау қаласы полиция басқармасы биыл тоғыз ай ішінде қылмыстың алдын алу бойынша іс-шаралар ұйымдастырды. Қоғамдық тәртіпті және жол қозғалыс қауіпсіздігін камтамасыз ету бойынша Ақтау қаласы аумағында жол оқиғалары мопедке қатысты көбейген. Соған байланысты жасақталған хаттаманың саны – 478, оның 449-ы қолға алынып, жабылған.
- Жол-көлік оқиғаларына әртүрлі жағдай себеп болған. Жасақталған талдау нәтижесінде оның басым бөлігінің себептері жол қозғалыс талаптарын бұзғандар болып отыр. Оның ішінде жаяу жүргіншілер де кіреді. Оларда жол ережесін сақтамау жағдайлары жиі кездеседі. Жаяу жүргіншілер жол қозғалысы кезінде өз жауапкершілігін сезінген жөн. Өйткені биылғы жылдың 9 ай ішінде 5 мың 142 жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды,- деді Асыл Бөлекбаев.
Осы тұрғыда жүйелі түрде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында, ведомстволық әлеуметтік желілерде жол-көлік оқиғаларын алдын алу бойынша бейнероликтер көрсетілуде.
- Тас жолдарда орналасқан жарнамалық LED экранда жаяу жүргіншілермен, балалардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларын мысалға келтіре отырып, бейнебаяндар көрсетіледі. Сонымен бірге жергілікті телеарналар арқылы мемлекеттік және ресми тілдерде жол-көлік оқиғаларын алдын алу бойынша арнайы ескертулік және түсіндірмелік мақсатта ақпарат тұрақты түрде көрсетіледі,- деді Асыл Бөлекбаев.