Ақтауда Қазақстан кәсіподақтар күніне арналған мерекелік концерт өтті. Мерекеге өңір басшысы Нұрлан Ноғаев, ақсақалдар мен өңірдің көрнекті қайраткерлері, еңбек ардагерлері, өнеркәсіп кәсіпорындары мен кәсіподақ ұйымдарының басшылары, Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев және Маңғыстау облыстық Кәсіподақтар орталығының төрағасы Сәдуақас Бекғалиев қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуде тиімді серіктестік орнатуға қосқан зор үлесі үшін әр түрлі сала мамандарына салтанатты түрде марапаттар табысталды. Олардың арасында Қазақстан кәсіподақтар Федерациясының "Еңбек озаты" медалі және "Кәсіподақ жұмысына белсенді қатысқаны үшін" медалі бар. Сондай-ақ қызметкерлерге кәсіподақ ұйымының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды.
Маңғыстау облыстық кәсіподақтар кеңесі 1973 жылы 7 сәуірден бастап жұмыс істеп келеді. Ұйым атауы Маңғыстау облысының Кәсіподақтар орталығы болып өзгертіліп, қазіргі таңда осы атаумен қарапайым жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек құқығы мен мүддесін қорғау мақсатында өз жұмысын атқаруда.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының құрамына кіретін Маңғыстау облысы бойынша 8 салалық кәсіподақ филиалы, 46 жергілікті және 695 бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысын үйлестіреді. Жалпы кәсіподақ мүшелерінің саны 110 мың адамды құрайды.
Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев кәсіподақ мүшелерін осы маңызды күнмен құттықтап, олардың азаматтық қоғамды дамытудағы маңызды рөлін атап өтті. Бұл оқиға Маңғыстаудағы кәсіподақтардың жетістіктігін ғана емес, өңірдің және бүкіл елдің қоғамдық және экономикалық дамуына қосқан үлесін де атап өтті.
- Қазіргі кәсіподақтардың қозғалыстары еңбеккерлердің жұмыс орнындағы құқықтары мен еңбек қауіпсіздігінің сақталуын, лайықты еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктер алуын қамтамасыз етеді.
Кәсіподақтар - азаматтық қоғамның құрамдас бөлігі екені сөзсіз. Сіздер әрқашан еңбекшілердің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қорғауды өз қызметінің ең басты міндеті деп танып, мемлекеттіліктің нығаюына нақты үлесін қосып келесіздер. Кәсіподақтар қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Қоғамдық қатынастарды реттеудегі кәсіподақтардың рөлі неғұрлым маңызды болса, соғұрлым олар өздерінің негізгі мақсатын – жұмыскерлердің әлеуметтік және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауды тиімді әрі сәтті жүзеге асыра алады, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.