Маңғыстау облысында агротуризмді дамытуға бағытталған ақпараттық тур өтті. Төрт күнге созылған ақпараттық турды «Қазақ Туризм» ұлттық компаниясы мен «Visit Aktau» туристік орталығы ұйымдастырды. Оған Астана, Алматы қаласынан келген және жергілікті өңірдің журналистері мен блогерлері қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Алдымен туристер Тетистен түзіліп қалған табиғат туындысы Бозжыра мен Қызылкүпке барды. Содан соң Сенек ауылына барып, ондағы халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысты. «Visit Aktau» туристік орталығының гиді Нұрхан Әбесхановтың айтуынша, ауыл адамдарының көпшілігі мал шаруашылығымен айналысады. Әсіресе, түйе шаруашылығын қолға алған. Сол себепті де алыстан келген туристер түйе сауып, бешбармақ жасаудан шеберлік сағатқа қатысты.
Содан кейін алтын түстес Сенек құмына барып, бұлт астынан асықпай шыққан күннің батуын тамашалады. Биіктігі 25-30 метрге дейін жететін құм шағылдары туристерді таңдай қақтарғаны рас.
«Қазақ Туризм» ҰК туристік өнімдерді дамыту департаментінің бас менеджері Жанарай Шартенованың айтуынша, Маңғыстау өңірі агротуризмді дамытуға сұранып тұр. 2020 жылы ұлттық компания өңірге зерттеу жасаған еді. Соның нәтижесінде Сенек, Шайыр, Таушық, Шетпе ауылдары агротуризм бағытын дамуға қолайлы деп танылды.
Жыл өткен сайын өңірге келетін туристер саны артқан. Олардың экотуризмге деген сұранысы мен қызығушылығы жоғары. Дегенмен «Visit Aktau» туристік орталығының директоры Асылбек Таңбайдың айтуынша, агротуризмді дамыту қолға алынып жатыр.
«Биыл Ресей, Иран, Германия, Италия, АҚШ-тан келген туристер көп болды. Олар көбінесе экотуризмге қызығып, Маңғыстаудың табиғаты мен көрікті жерлерін таңдап келеді. Сондықтан да олардың саяхаты бір аптаға дейін созылады. Ал агротуризмнің даму қарқыны бастапқы этапта тұр. Қазіргі таңда осыны «Қазақ туризм» ҰК-мен бірге ел ішінде насихаттап жатырмыз. Алдағы уақытта шетелдіктер үшін арнайы маршрут жасақтаймыз. Бұл бағыт шетелдіктер үшін қызықты болады деген сенімдемін», - дейді Асылбек Таңбай.
Екінші күні туристер Шетпе ауылындағы кәсіпкер Күміс Қоспайдың үйіне барды. Күміс Қоспай 1992 жылдан бастап киіз үйіндің сыртқы жамылғысын, ішкі сәндік бұйымдарын жасайды. Алғашқы жылдары 1 айдың ішінде 25 киіз басса, қазір елдің сұранысына сай өнім дайындайды. Айтуынша, тапсырыс тек Маңғыстаудан ғана түспейді, Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды, Астанадан да келеді екен.
Содан кейін ақпараттық турға қатысушылар Шайырға, Таушық ауылына барып, ауылдың мәдениетімен танысты. Көкала, Шерқала, Шақпақ ата жер асты мешітіне барып, ерекше тарихын естіп, сұлулығын объективке сыйдырды. Сонымен қатар отандық және шетелдік туристер жиі келетін Сартас визит орталығына тұрақтап, онда Маңғыстаудың брендіне айналған балқаймақтың жасалу жолын тамашалады.
5 қазан күні басталған ақпараттық тур Ақтау қаласының көз тартар жерлерін аралаумен аяқталды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА