Маңғыстауда өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың басшылығымен инвестициялар тарту жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Күн тәртібінде маңызды инвестициялық жоба қаралды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшылары, сондай-ақ Үйлестіру кеңесінің мүшелері мен жобалардың құрылтайшылары қатысты.
Кеңесте балық, бекіре уылдырығы мен етін өндіру және дамыту жобасы қаралды.
"Red PEARL” Балық фермасы”ЖШС компаниясы жалпы қуаты 100 тонна болатын уылдырық өндіруді жоспарлап отыр. Жоба кезең-кезеңімен іске асады және әр кезеңде 10 тонна уылдырық өндіріледі. Ал бұл жобаға швейцариялық Swiss Choice SA компаниясымен ынтымақтастық және шетелдік сарапшылардың қатысуы өнімнің жоғары стандарты мен сапасын қамтамасыз етеді.
Жоба өңірге шетелдік инвестицияларды тартудағы маңызды қадамдардың бірі. Олар жаңа жұмыс орындарын құруға, шағын және орта бизнесті дамыту нәтижесінде Маңғыстау облысының ғана емес, бүкіл республиканың әлеуметтік-экономикалық өсуіне ықпал етеді.
Өңір басшысы инвестициялар тарту экономиканы дамытуда және өңірлік инфрақұрылымды әртараптандыруда шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
- Бүгінгі жиында мүмкіндігі жоғары жоба қаралды. Осы тұста Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар жөніндегі Комитетімен инвестициялық келісімшарттар жасау үшін белсенді жұмыстар жүргізіп жатқанымызды атап өткім келеді. Жаңа жобалар өңіріміздің тұрақты дамуына ықпал етіп қана қоймай, бүкіл елдің бәсекеге қабілеттілік деңгейін көтереді. Біздің үйлестіру кеңесіміз осы маңызды стратегиялық бағытты іске асыруға көмектесетін ұсынымдар әзірлеу мақсатында құрылды, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.