Ақтауда патрульдік полиция мен өрт сөндірушілер арнайы көлікке жол бермейтін жүргізушілерді анықтау бойынша рейд ұйымдастырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жүргізушілердің өртсөндірушілердің арнайы көлігіне қаншалықты жол беретіні тексеріліп, өткізбеген автокөлік иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Рейд барысында әкімшілік-құқық бұзушылық Кодексінің 598 бабы бойынша 3 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды. Заңмен осындай құқық бұзушылықтар үшін 7 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген.
Ақтау полициясы жүргізушілерге ескерту жасады: «Өрт сөндіру техникасы әрдайым шұғыл шақырту бойынша асығыс кетіп бара жатады, сондықтан оларға дер кезінде жол беру арқылы өткізіп жіберу – әрбір көлік иесінің міндеті. Өйткені, арнайы көліктің дер кезінде көмекке келіп үлгеруі – біреудің өмірін аман сақтап қалуға себеп болуы мүмкін. Осыны әркез есімізде сақтайық».
Айта кетейік, жүргізуші өрт сөндіру көлігіне жол бермесе, онда ол заң талаптарына сәйкес жауап беруге мәжбүр болады.