
Ақтау қаласы әкімдігі мен қалалық полиция басқармасы бірлесіп, қала көшелерінде қараусыз жүрген жануарларды анықтау бойынша рейд жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жасалған жұмыстар нәтижесінде 7 қазан күні «Ақбота» саябағында жасыл желектерге зиян келтіріп, қараусыз жүрген үй жануарлары анықталды.
-Қараусыз жүрген жылқылардың иесіне Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 803-бабына сәйкес хаттама толтырылып, 408-бап 1-тармақшасына сәйкес айыппұл салынды,- деді Ақтау қалалық полиция басқармасы.
Сонымен қатар бүгін қалалық полиция басқармасы бір үйір қараусыз қалған жылқыны анықтап, жануарларды уақытша мал ұстау орнына қамады.
- Қараусыз жүрген үй жануарлары анықталған жағдайда уақытша мал ұстау орнына қамалатындығын және жоғарыда аталған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес айыппұл салынатындығын хабарлаймыз. Сондықтан төрт түлік иелері жануарларын қараусыз қалдырмауларын сұраймыз, -деді Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Нұрсейіт Айладыр.