Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 6656 әскери бөлімінің құрылғанына 62 жыл толды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
6656 әскери бөлімі 1960 жылы 17 наурызда сол кездегі Гурьев (қазіргі Атырау) облысынан Ақтау кентінде сотталғандарды күзету үшін арнайы екі әскери топтың келуімен құрылған.
ҚазКСР қоғамдық тәртіпті қорғау министрінің бұйрығымен әскери бөлім күні — 17 наурыз (1962 ж.) болып белгіленген.
Қазіргі уақытта әскери бөлім ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып жүр. Бөлім басшылығы жеке құрамның жауынгерлік дайындығы мен кәсібилігін күшейтуге ерекше көңіл бөліп келеді.
- 62 жыл ішінде 6656 әскери бөлімінде үлкен жұмыс атқарылды. Атап айтар болсақ, біздің әскери қызметшілер маңызды мемлекеттік объектілерді, түзеу мекемелерін күзетеді, қоғамдық тәртіпті бұзғандардың жолын кеседі. Сондай-ақ сотты болғандарды қадағалайды. Бүгінгі таңда жеке құрам өзінің жетістіктерімен аға буын қазақстандық жауынгерлердің дәстүрін жалғастыра отырып, артылған сенімді ақтап жүр,-дейді бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары майор Асқар Мауғазин.
Әскери қызметшілерді ардагерлер, аумақтық полиция департаменті, қорғаныс істері, қылмыстық-түзеу жүйесі, ҚР ҰҚК Шекара қызметі, төтенше жағдайлар департаменті сияқты құрылымдар мен ведомстволардың басшылары арнайы келіп құттықтады.
Мерекелік шара еліміздің әнұранмен басталды. Үздік офицерлер, келісімшарт бойынша борышын өтеп жүрген әскери қызметшілер мен әскери бөлімнің сарбаздары төсбелгілермен және алғыс хаттармен марапатталды.
Құрметті қонақтар жеке құрамды әскери бөлімнің құрылған күнімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
- Бүгін біз үшін ерекше күн. Біздің әскери қызметшілер өз міндетін абыроймен орындап жатыр. Осы айтулы күні барлық жеке құрамды мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Әр әскери қызметкерге зор табыс тілеймін.
6656 әскери бөлімінде әрдайым бейбітшілік, тәртіп пен түсіністік орнасын. Мен мұнда 2021 жылдан бері қызмет етіп келемін, алдағы уақытта үйге оралып, сол жерде жауынгерлік қызметті жалғастыруды жоспарлап отырмын. Біздің бөлігімізді елдегі ең жақсылардың бірі деп санаймын. Мұнда барлығы өз жұмысына өте жауапкершілікпен және ұйымшылдықпен қарайды, - деді әскери қызметші Шыңғыс Маликов.