Ақтау гарнизонындағы әскери бөлімдердің әскери қызметшілері Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауында өз таңдауын жасап, дауыстарын берді, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы Ақтау гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 390-ші теңіз жаяу бригадасында орналасқан №61 жабық сайлау учаскесі ашылуы мемлекеттік әнұраннан басталды. Сап түзеген сарбаздар әскери бөлімнің мәдени демалыс орталығындағы сайлау учаскесінде еліміздің жарқын болашағы үшін өз дауысын берді.
Қатысушылардың басым бөлігі алғаш рет дауыс беріп жатыр. Соның бірі Алматы облысының тумасы қатардағы жауынгер Дінмұхамед Әзберген.
–Өз Отанымның нағыз патриоты ретінде мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін, әр сарбаз таңдауымызды жасадық, бүгін сарбаздар үшін ерекше күн. Себебі, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде алғаш дауыс беру құқығымды пайдаланып отырмын, сайлау жоғары деңгейде өтіп жатыр, – деді қатардағы жауынгер Дінмұхамед Әзберген.
Айта кетейік, Ақтау гарнизонында орналасқан Әскери теңіз күштері, Әуе шабуылына қорғаныс бригадасы және Әуе күштерінің сарбаздары № 61 жабық сайлау учаскесінде өз дауыстарын берді.