Ақтаулық 42 жастағы тұрғын төрт ұлдан кейін қыз босанды. Ана мен бала орталығынан күйеуі, төрт ұлы, екі келіні мен енесі 101 розамен күтіп алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Перинаталдық орталықтан енесін әсерлі етіп шығарып алуды қос келіні ұйымдастырған екен.
- Бесінші баланың қыз болуын алдын ала жоспарламадық. Сондықтан бұл жаңалық отбасымыз үшін тосыннан келген қуаныш болды. 40-тан асқан соң акушер-гинеколог Тұрсынай Қуанышевна кесер тілігімен босандырды. Қызымның есімін әкесі Айсәуле деп қойды. Ал жеңгелері Еркем деп еркелетіп жатыр. Отбасымыз ерекше қуанып, қошеметпен күтіп алды. Барлығына алғысым шексіз, - деді босанған ана Айнұр Ермұханова.
Айнұр Ермұханова 38 жасында үлкен келінін алған, ал 39 жасында алғашқы немересін бауырына басқан. 40 жасында екінші келінін қарсы алып, қызығын көріп жүр. Қазір 3 немеренің әжесі.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА